Үндістан Әуе күштері осы аптада Пәкістанмен болған қақтығыстан кейін армияның адам шығынына қатысты қойылған сұраққа: «Адам шығыны — соғыстың бір бөлшегі», - деп жауап беріп, нақты мәлімет бермеді. Алайда барлық ұшқыштың үйлеріне аман-есен қайтқаны атап өтілді.
Пәкістан армиясының өкілі сәрсенбі күні “Reuters” агенттігіне берген мәлімдемесінде бес үнді ұшағының атып түсірілгенін айтқан болатын. Алайда бұл мәлімдеме Үндістан тарапынан расталмаған. Сол күні Үндістан әкімшілігіндегі Кашмирде қызмет ететін төрт мемлекеттік шенеунік “Reuters” агенттігіне Үндістан шекараның арғы бетінде тоғыз пәкістандық «лаңкестік инфрақұрылым» нысанын атқылады деп хабарлағаннан кейін бірнеше сағат соң федералдық аумақта үш әскери ұшақ құлағанын айтты.
Жексенбі күні тараптар бір-бірін бітімді бұзды деп айыптағаннан бірнеше сағаттан кейін ядролық қаруы бар қос қарсылас елдің арасында бітімнің сақталғаны байқалды.
Төрт күнге созылған зымыран, ұшқышсыз ұшақ және артиллериялық шабуылдардан кейін сенбі күні бітімге келу туралы шешім қабылданған болатын. Бұл шабуылдар 60-тан астам адамның өмірін қиып, мыңдаған адамды үй-жайын тастап көшуге мәжбүр етті. Оқиғалар 1999 жылдан бергі ең ауыр әскери шиеленіс ретінде бағалануда.
АҚШ Президенті Дональд Трамп әлеуметтік желіде күтпеген мәлімдеме жасап, «толық және дереу» атысты тоқтату шешімінің АҚШ араағайындығымен «ұзақ түннің таңында» жүзеге асқанын хабарлаған еді.