Бұрын күріш тапшылығына байланысты экспортқа шектеу қойылса, биыл Үндістанда бұл өнім рекордтық көлемде этанол өндіруге бағытталып отыр. Бұл қадам маусымдық жаңа өнімнің келуімен одан әрі артуы күтілетін мол қорды игеру мақсатында жасалуда.
Күрішті этанол өндірісінде пайдалану әлемдегі ең ірі күріш өндіруші және экспорттаушы ел болып саналатын Үндістандағы күріш қорын азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар дәстүрлі шикізат көзі – қант құрағының жеткізілімі азайғанына қарамастан этанол араластыру бағдарламасының үздіксіз іске асуын қамтамасыз етеді.
Биылғы мол муссон жаңбырлары жақсы өнім алуға мүмкіндік береді деп болжануда.
“Reuters” агенттігіне пікір білдірген үкімет өкілі: “Басты мақсатымыз – жеткілікті азық-түлік қорына ие болу. Алайда қажеттілігімізден әлдеқайда көп күрішіміз болғандықтан бір бөлігін этанол өндірісіне пайдалануға шешім қабылдадық,” – деді.
Мемлекеттік Үндістан Азық-түлік корпорациясы этанол өндірісі үшін бұрын-соңды болмаған көлемде (5,2 миллион тонна) күріш бөлді. Бұл мөлшер 2024- 2025 жылының жаһандық күріш жеткізілімі көлемінің шамамен 9%-ына тең. Өткен жылы болса, корпорация қорынан этанол өндіруге небәрі 3 мың тоннадан аз күріш бөлінген еді.
Үндістан Азық-түлік корпорациясы елдегі күріш өнімінің шамамен жартысын сатып алады және 1 маусымдағы жағдай бойынша, өңделмеген күрішті қоса алғанда 59,5 миллион тонна көлеміндегі рекордтық қорға ие. Бұл көлем Үндістан үкіметінің 1 шілдеге белгіленген 13,5 миллион тонна мақсатынан әлдеқайда жоғары.
Этанол өндірісіне бөлінетін күріштің жеткілікті болуы өткен жылы рекордтық деңгейге жеткен және Үндістанды орасан көлемде импорт жасауға мәжбүр еткен жүгері бағасына түскен қысымды да бәсеңдетті.
Астық негізіндегі айдау зауыттары шикізат ретінде жүгері, күріш және бүлінген азық-түлік дәндерін пайдаланады және баға жағдайына қарай олардың арасында таңдау жасайды.
Әлемдегі үшінші ірі мұнай импорттаушы және тұтынушы ел ретінде Үндістан 2025- 2026 жылға дейін бензинге 20 пайыз этанол қосу мақсатын көздеп отыр. Өткен айда күріштің мол болуының арқасында бұл мақсатқа біршама жақындап, этанол қоспасының деңгейі 19,8 пайызға жетті.
Бұған дейін этанол өндірісіндегі шикізаттың 80 пайызын құрайтын қант құрағының көлемі 2023 жылы болған құрғақшылықтың салдарынан азайған болатын. Бұл жағдай әлемдегі ең ірі тәтті тұтынушы ел — Үндістанды этанол өндіру үшін қантты пайдалануды күрт қысқартуға мәжбүр етті. Осыған байланысты 20 пайыздық мақсат бұрын мүмкін емес болып көрінген еді.