БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек көрсету агенттігі UNRWA ұйымының медицина саласындағы өкілі Израильдің 11 аптадан астам уақытқа созылған қоршауы кезінде Газада жеткіліксіз тамақтану көрсеткіші артқанын, ал азық-түлік тапшылығы жалғаса берсе, бұл жағдайдың одан әрі ушығатынын ескертті.
Женевада өткен баспасөз мәслихатында ұйымның денсаулық сақтау директоры Акихиро Сейта: «Қолымда сәуір айының соңына дейінгі мәліметтер бар, бұл деректер азық жетіспеушілігінің артып жатқанын көрсетіп отыр», – деді.
Израиль 2 наурыздан бері Газада толық қоршау режимін енгізді. Адам құқықтары ұйымдары мен халықаралық есептерге сәйкес, Израиль Газаға азық-түлік, медициналық және гуманитарлық көмектің кіруіне тосқауыл қою арқылы онсыз да ауыр жағдайдағы гуманитарлық дағдарысты одан сайын тереңдетті.
Израиль дүйсенбі күні Карем Әбу Карем шекара бекеті арқылы тоғыз көмек жүк көлігіне Газадағы аумаққа өтуге рұқсат бергенін мәлімдеді. Алайда көмек ұйымдарының қызметкерлері тек бес көліктің ғана өткенін растады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДCҰ) Газадағы гуманитарлық көмектің жеткізілуін сынға алып, оның көлемі өте жеткіліксіз екенін мәлімдеді. БҰҰ-ның гуманитарлық көмек жөніндегі жетекшісі Том Флетчер: «Бұл – қажет болып отырған көмекпен салыстырғанда өте аз. Ертең таңнан бастап Газаға әлдеқайда көбірек көмек жіберуге рұқсат берілуі керек», – деді.
Әлемдік аштықты бақылау ұйымы Газадағы бүкіл халықтың ашаршылық қатерімен бетпе-бет тұрғанын, ал жарты миллион адамның аштық шегіне жеткенін мәлімдеді. Бұл жағдай ұйымның қазан айында жариялаған соңғы есебімен салыстырғанда айтарлықтай нашарлағанын көрсетеді.