Дональд Трамп сейсенбі күні Катар мен Біріккен Араб Әмірліктерін де қамтитын Парсы шығанағы сапарының алғашқы аялдамасы ретінде Сауд Арабиясына жетті.
“Tesla” компаниясының бас директоры, әрі Трамптың кеңесшісі Илон Маск та кіретін ықпалды америкалық кәсіпкерлерден құралған делегациямен бірге сапар шеккен Трамптың алғашқы аялдамасы Эр-Рияд болды. Ол мұнда Сауд-Арабиясы мен Америка Инвестициялық Форумына қатыспақ. Сәрсенбі күні Катарға, ал бейсенбіде Біріккен Араб Әмірліктеріне баруы жоспарланған.
Сауд Арабиясының Инвестиция министрі Халид әл-Фалих форумның ашылуында: «Энергетика қарым-қатынасымыздың негізгі тіректерінің бірі болып қала берсе де, патшалықтағы инвестициялық және іскерлік мүмкіндіктер бірнеше есе артты», – деп мәлімдеді.
Трамп сапар алдында жасаған мәлімдемесінде: «Саудиялықтар мен америкалықтар күш біріктіргенде, өте жақсы нәтижелерге қол жеткізеді. Бұл бірлескен бастамалар көп жағдайда үлкен жетістіктерге айналады», – деп қосты.
Түркияға сапары және Иранның ядролық келіссөздері
Трамп бейсенбі күні Түркияға сапар жасауы мүмкін екенін айтып, Ресей Президенті Владимир Путин мен Украина Президенті Владимир Зеленский арасында бетпе-бет кездесу өткізу ықтималын да хабарлады.
Қызметіне қайта кіріскеннен кейінгі алғашқы шетел сапарын Римде Папа Францисктің жерлеу рәсіміне арнаған Трамптың бұл екінші сапары геосаяси шиеленістер үдеп тұрған кезеңіне сәйкес келіп отыр.
Демалыс күндері АҚШ пен Иран өкілдері Оманда кездесіп, Тегеранның ядролық қызметін шектеуге бағытталған ықтимал келісімді талқылаған болатын.