Трамп бұл қадамға баруға Сауд Арабиясының тақ мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салман мен Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның өзін ынталандырғанын айтты.
Әкімшіліктегі кейбір тұлғалардың алаңдаушылығына қарамастан, Трамп сейсенбі күні Эр-Риядтағы сөзінде Сирияға салынған санкцияларды алып тастайтынын мәлімдеді.
АҚШ Президенті Парсы шығанағы елдерінің ынтымақтастық кеңесі отырыстары үшін Эр-Риядқа келген Сирия Президенті Ахмед Шарамен «амандасуды» қабыл алды.
Трамптың Парсы шығанағындағы төрт күндік сапарының бірінші күніне Сауд Арабиясының АҚШ-қа 600 миллиард долларлық инвестиция уәдесі және АҚШ-тың патшалыққа 142 миллиард долларлық қару-жарақ сатуы сияқты салтанатты рәсімдер мен іскерлік келісімдер ерекше таңбасын басты.
Сәрсенбі күні кешке қарай Трамп Катар астанасы Дохаға ұшып барып, онда Әмір шейх Тамим бен Хамад Әл Тани және басқа да ресми тұлғалармен мемлекеттік сапар аясында кездеседі.
АҚШ-тың маңызды одақтасы Катардың Америкаға жүздеген миллиард доллар инвестиция құятыны күтілуде.
АҚШ-тың тағы бір одақтасы Израиль Сирияға қарсы санкцияларды жеңілдетуге қарсы шықса да, Трамп сейсенбі күнгі мәлімдемесінде бұл шешімді қабылдауға Сауд ханзадасы Мұхаммед бен Салман мен Түркия Президенті Ердоғанның түрткі болғанын айтты.
Трамптың Сирияның бұрынғы басшысы Башар Асадты биліктен құлатқан оппозициялық күштерге жетекшілік еткен Ахмед Шарамен қарым-қатынасы жіті бақыланатын болады. Сарапшылар Вашингтонның Дамаскпен қарым-қатынасты қайта бастауға қаншалықты байыппен қарап отырғанын бағаламақ.
Трамп бейсенбі күні Біріккен Араб Әмірліктерінің басшыларымен кездесу үшін Әбу-Дабиге ұшады.
Жұма күні Трамптың Вашингтонға оралуы жоспарланып отыр. Таяуда ол Ресей Президенті Владимир Путин мен Украина Президенті Владимир Зеленский арасында жоспарланған кездесуге қатысу үшін Түркияға баруы мүмкін екенін де айтқан еді.