“The Washington Post” газетінің хабарлауынша, АҚШ Президенті Дональд Трампқа жақын тұлғалар Израиль билігіне Газадағы соғысты тоқтатпаса, АҚШ-тың қолдауынан айырылу қаупі бар екендігін жеткізген.
Дүйсенбі күні бұл келіссөздер туралы хабардар дереккөз газетке Трамптың командасы Израильге: «Егер соғысты тоқтатпасаңыздар, қолдауымызды тоқтатамыз» деген нақты ескерту жасағанын мәлімдеді.
Сол дереккөздің айтуынша, Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың соғысты тоқтатуға қажетті саяси тетіктері болғанымен ол бұл бағытта саяси ерік-жігер танытып отырған жоқ. Сондай-ақ Таяу Шығысқа сапары кезінде Израильге бармаған Трамптың Нетаньяхуға қысым көрсетіп отырғаны айтылған.
Нетаньяху бұған дейін Израильдің ең жақын одақтастары «жаппай аштық көріністеріне шыдай алмайды» деп мойындаған, бұл мәлімдеме белгілі бір деңгейде гуманитарлық көмектің қайта басталуына жол ашқан еді.
Аталған дереккөздің мәліметінше, Нетаньяху жексенбі түнінде өткен үкімет отырысында көмекті қайта бастау мәселесін тек техникалық мәселе ретінде ғана ұсынған.
Келіспеушілік мәселелері
АҚШ-тың бұл ескертуі Вашингтон мен Тель-Авив арасындағы шиеленіс артқаннан кейін жасалды. Трамптың Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен тікелей байланысын үзгені және өзін манипуляцияға ұшырады деп есептейтіні хабарланды.
Осы арада АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен Қорғаныс министрі Пит Хегсетстің Израильге жоспарланған сапарларын тоқтатқан немесе кейінге қалдырғаны туралы ақпарат берілмеді.
Трамптың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф та Израильге Газаға гуманитарлық көмекті қайта бастау үшін қысым жасауға уәде берді.
Израиль Газадағы қырғында 53 500-ден астам палестиналықты өлтірді. Олардың басым көпшілігі - әйелдер мен балалар.
Газаның үлкен бөлігін қиратқан Израиль бүкіл халықты босқынға айналдырып, азық-түлік, су, дәрі-дәрмек, электр және басқа да шұғыл гуманитарлық көмектердің кіруіне тосқауыл қойды.
Халықаралық қылмыстық сот былтыр қараша айында Газадағы соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстар бойынша Беньямин Нетаньяху мен бұрынғы Қорғаныс министрі Йоав Галантқа тұтқындау туралы ордер шығарды.
Сонымен қатар Израиль Газаға қарсы соғысы үшін Халықаралық сотта геноцид ісі бойынша жауапқа тартылып жатыр.