Кентукки штатында жексенбі күні болған атыс кезінде үш адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды. Қаза тапқандар арасында күдікті де бар.
«Лексингтон қаласындағы Ричмонд Роуд Баптист шіркеуінде болған атыста екі адамның қаза тапқанын қайғыра хабарлаймын», – деп жазды Кентукки губернаторы Энди Бешир “X” әлеуметтік желісінде.
Оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат 11:36-да басталды. Күдікті “Blue Grass” әуежайының маңындағы “Terminal Drive” көшесінде Кентукки штаттық полициясының қызметкеріне оқ атты.
Күдікті кейін бір көлік ұрлап, Ричмонд Роуд Баптист шіркеуіне барып, сол жерде оқ жаудырған.
Шіркеуде төрт адамға оқ тиді, олардың ішінде 72 жастағы және 32 жастағы екі әйел оқиға болған жерде қайтыс болды.
Қалған екі ер адам ауруханаға жеткізілді: біреуі ауыр жағдайда, ал екіншісінің жағдайы тұрақты.
Күдікті оқиға орнында атып өлтірілді.
«Күдікті полиция қызметкеріне оқ атып, оқиға орнынан қашып, Ричмонд Роуд Баптист шіркеуіне жеткен», – деп хабарлады Кентукки штаттық полициясы “X” желісінде.
«Шіркеуде бірнеше құрбан бар, ал жедел жәрдем қызметі оқиға орнында жұмыс істеуде», – деп растады полиция.
Кентукки штат полициясы мен Лексингтон полиция департаменті аймақты тез арада қауіпсіздендіріп, тергеу жұмыстарын бастады.