Сауалнамаға сәйкес Жапонияда атом бомбасынан аман қалғандардың 70 пайызға жуығы ядролық қару қайта қолданылуы мүмкін деп санайды. «Киодо» ақпарат агенттігінің жексенбі күні жарияланған сауалнамасы бұл алаңдаушылықтың негізгі себебі ретінде Ресейдің Украинадағы соғысы және Солтүстік Кореяның қару-жарақ жасауы сияқты жаһандық шиеленістің күшеюін атады.
АҚШ-тың Хиросима мен Нагасаки қалаларына атом бомбасы тастағанына 80 жыл толуына орай жүргізілген сауалнамаға атом бомбасынан аман қалған шамамен 1 500 адам қатысты. Қатысушылардың 68,6 пайызы ядролық қару қолдану қаупі артқанын айтты.
Сондай-ақ сауалнамада респонденттердің 45,7 пайызы АҚШ-ты шабуыл үшін «кешіре алмайтынын», 24,3 пайызы «белгілі бір сезімнің жоқ екенін» айтты және 16,9 пайызы «нақты пікір жоқ» деп жауап берген.
АҚШ-тың Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы күндерінде Жапонияның батысындағы Хиросима мен Нагасаки қалаларына атом бомбасын тастағанына биыл 80 жыл толады.
1945 жылы 6 тамызда Хиросимаға тасталған алғашқы бомба шамамен 140 000 адамның өмірін қиды. Ал үш күннен кейін 9 тамызда Нагасакиге тасталған екінші бомбадан шамамен 70 000 адам қаза тапты.
Жапония 1945 жылы 15 тамызда беріліп, екінші дүниежүзілік соғысты ресми түрде аяқтады.