Бангладеш астанасы Даккада әскери ұшақ «Milestone» колледжіне соғылып, кем дегенде 27 адам қаза тапты. Олардың көпшілігі балалар. Билік қаза тапқандардың саны артқанын хабарлады.
Дүйсенбі күні Қытайда жасалған «F-7 BJI» жойғыш ұшағы «Milestone» колледжінің ғимаратына құлаған. Қаза тапқандардың көпшілігі сабақтан енді шыққан студенттер.
Сейсенбі күні Денсаулық сақтау және отбасы әл-ауқаты министрлігінің бас кеңесшісінің көмекшісі Сайедур Рахман «Осы уақытқа дейін 27 адам қаза тапты. Олардың жиырма бесі студент, біреуі ұшқыш», - деді. Сондай-ақ 78 адам әртүрлі ауруханада емделіп жатқанын атап өтті.
Бангладеш армиясы дүйсенбі күні «Ұшқыш, лейтенант Товкир Ислам әдеттегі оқу-жаттығуын жүргізіп жатқан кезде ұшақ механикалық ақауға ұшыраған болуы мүмкін»,- деп мәлімдеді.
Мәлімдемеде «Нақты себеп әлі тексерілуде және ұшқыш ұшақты халық көп шоғырланған аймақтан басқа жаққа бағыттауға тырысқан, бірақ ұшақ екі қабатты колледж ғимаратына соғылған» делінген.
Мұхаммед Юнустың уақытша үкіметі сейсенбі күнін ұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Юнус «X» платформасындағы жазбасында оқиғаға қатысты қатты қайғырғанын атап өтіп, «Әуе күштері, студенттер, ата-аналар, «Milestone» колледжінің мұғалімдері мен қызметкерлері және осы апаттан зардап шеккендердің қайғысының орны толмас. Бұл ұлтымыз үшін өте ауыр жағдай», - деді.