Оқ жарақатына толы құрбандардың денесі түнде таудан табылған. Премьер-министр Шахбаз Шариф оқиғаны «Үндістан қолдауымен болған лаңкестік әрекет» деп атады.
Жұма күні жергілікті билік өкілі «Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Белуджистан уәлаятында белгісіз қарулы адамдар автобустан тоғыз жолаушыны алып қашып, өлтірген», - деп хабарлады.
Оқиға бейсенбі күні түнде Белуджистанның Зхоб және Лоралай аудандарының шекарасында орналасқан Сур-Дакай ауданында болған. Зхоб комиссарының орынбасары Навид Алам журналистерге құрбандардың мәйіттері түнде таулы аймақтан табылғанын айтты.
«Dawn» газетінің хабарлауынша, Пенджабқа бара жатқан екі жолаушы автобусы Лоралай-Зхоб шекарасына жақын Даб ауданындағы «N-70» тас жолының маңындағы Сур-Дакай аймағында қарулы топ тарапынан тоқтатылған. Қарулы адамдар жолды жауып, көліктерді тоқтатқан.
Хабарда шабуылдаушылардың автобустарға мініп, жолаушылардың жеке куәліктерін тексергені және 10 адамды көліктерден күштеп түсіргені айтылған. Аман қалған жолаушы Левис қауіпсіздік күштеріне: «Олар он жолаушыны, бір автобустан жетеуін, екіншісінен үшеуін сүйреп алып шығып, белгісіз жаққа алып кетті. Мен олардың не істегенін білмеймін, бірақ кетіп бара жатқанда оқ даусын естідім»,- деді.
Тоғыз жолаушыны алғаннан кейін шабуылдаушылар екі автобусқа да аймақтан шығуға рұқсат берді. Шабуылдаушылар жолаушылардың жеке куәліктерін тексеріп, Пенджаб аймағына тіркеулі адамдарды нысанаға алған. Сондай-ақ олар алынған жолаушылардың қашып кетпеуі үшін автобустарға оқ жаудырған.
Премьер-министр Шахбаз Шариф пен Ішкі істер министрі Мохсин Накви оқиғаны растап, қатаң айыптады. Шариф: «Жазықсыз адамдарды өлтіргендер жазасыз қалмайды. Жазықсыз азаматтарды өлтіру Үндістан қолдайтын лаңкестердің әрекеті»,- деді. Үндістан бұл мәлімдемеге жауап бермеді.
Тыйым салынған Белуджистан Азаттық майданы шабуылдың жауапкершілігін өз мойнына алды.
Осы жылдың ақпан айында лаңкестер Белуджистанның Бархан ауданында Кветтадан Фейсалабадқа бара жатқан жолаушылар автобусын тоқтатып, кемінде жеті жолаушыны өлтірді. Сондай-ақ өткен тамыз айында содырлар Белуджистанның Мусахел ауданында бірнеше көліктен жолаушыларды түсіріп, 23 адамды өлтірген болатын.
Соңғы жылдары Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва мен Белуджистан уәлаяттарында лаңкестік әрекеттер көбейген.
Пайдалы қазбаларға бай Белуджистан - Пәкістанның ең үлкен, бірақ ең кедей уәлаяты. Қауіпсіздік күштері ұзақ уақыттан бері аймақтың ірі даму мүмкіндіктерінен қағылғанын алға тартатын белуджистандық сепаратистердің көтерілісіне қарсы күресіп келеді. Сонымен қатар уәлаят - Қытайдың 62 миллиард долларлық Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі жобасының негізгі бағыты. Бұл жоба стратегиялық маңызды Шыңжаң провинциясын Белуджистанның Гвадар портымен байланыстыруға бағытталған.