Израиль оппозициясының жетекшісі Яир Лапид премьер-министр Беньямин Нетаньяхудың үкіметін «Газада геноцидті ұзартуға тырысып, елді «саяси апатқа» жетелеуде» деп айыптады.
«Йеш Атид» партиясының төрағасы Яир Лапид «X» әлеуметтік желісіндегі жазбасында: «Бұл үкімет бізді саяси апатқа әкелді. Бітпейтін сәтсіздіктер» – деп мәлімдеді.
Лапид премьер-министр Беньямин Нетаньяхуды «саяси сахнадан жоғалып бара жатыр» деп сынаса, Сыртқы істер министрі Гидеон Саарды «пайдасыз» деп атады.
Оппозиция жетекшісі: «Министрлер әр мәлімдемесінде Израиль әскерлеріне қауіп төндіруде», - деді.
Бұл мәлімдеме Газа секторында атысты тоқтату және тұтқындарды босату келісіміне қол жеткізілмеуіне байланысты наразылықтар артқан кезде жасалды.
Оппозиция мен тұтқындардың туыстары премьер-министр Нетаньяху, Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир мен Қаржы министрі Бецалель Смотрич үкіметтегі радикалды топқа бағынды деп санайды.
Сыншылар «Нетаньяху билік коалициясын сақтап қалу үшін қақтығысты әдейі созып отыр»,- дейді.
Демократиялық партияның жетекшісі Яир Голан сейсенбі күні жасаған бейнежолдауында премьер-министр Беньямин Нетаньяхудың үкіметті бақылай алмай отырғанын айтып:
«Бұл енді Нетаньяху үкіметі емес», – деді.
Голан: «Бұл – Смотрич пен Бен-Гвирдің үкіметі. Смотрич пен Бен-Гвир Израиль қоғамының радикалды топтарынан. Қазір үкімет саясатын олар айқындайды. Жастарымызды майдан даласына өлімге жіберіп, тұтқын алмасу келісімін әдейі бұзды. Олар бұл соғысты әдейі созып отыр», - деді.
Израильдің Газадағы геноциді
Израильдің Газаға жасаған шабуылдарында 60 мың палестиналық қаза тапты. Олардың басым көпшілігі әйелдер мен балалар.
Израиль шабуылдарын жалғастырып, Газа секторының көп бөлігін қирандыға айналдырды және бүкіл халықты көшірді.
Өткен қарашада Халықаралық қылмыстық сот Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху мен сол кездегі қорғаныс министрі Йоав Галлантты Газадағы соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстары үшін қамауға алуға ордер шығарды.
Израиль Палестинаға жүргізген аяусыз соғысы үшін Халықаралық сотта геноцид ісімен бетпе-бет келуде.