Израиль Иранның «ядролық және әскери нысандары» ретінде сипаттаған аймақтарына шабуыл жасады. Иран БАҚ-тарының хабарлауынша, ел астанасы Тегеранда және басқа өңірлерде жарылыстар естілген. Бұл шабуылдарда Иран Қарулы күштерінің штаб бастығы Мұхаммед Багери мен Ислам революциясы сақшылар корпусының басшысы Хосейн Салами қаза тапқан.
Иран мемлекеттік телеарнасы: « Иран Қарулы күштерінің штаб бастығы Мұхаммед Багери шейіт болды», – деп хабарлады.
Багери 2016 жылдан бері Иран армиясын басқарған және Тегеранның баллистикалық зымыран бағдарламасының негізін қалаушы ретінде танымал болған. Ал Хосейн Салами Иран әскери басшылығының негізгі тұлғаларының бірі және Қарулы Күзет корпусының ең жоғары шенді командирлерінің бірі саналатын.
Мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, шабуылдар кезінде генерал Гулам Әли Рашид, армия қолбасшысының орынбасары және ядролық ғалымдар Ферейдун Аббаси, Мұхаммед Меһди мен Ахмед Реза Зүлфиқар да қаза тапқан.
Иранның мемлекеттік телеарнасы "Тегеранның түрлі бөліктерінде қатты жарылыс дауыстары естіліп жатыр" деп хабарлап, шабуылдар салдарынан бейбіт тұрғындарды қоса алғанда, көптеген адамның қаза тапқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ телеарна жарылыстар Иранның орталық Исфахан аймағындағы аса маңызды ядролық нысан орналасқан Натанз қаласында да тіркелгенін білдірді.
"Исфахан аймағындағы Натанз уран байыту кешенінде жаңа жарылыс болды" деп хабарлаған телеарна бірнеше сағаттан кейін аталмыш кешеннен қою қара түтін көтерілгенін көрсетті.
Иран Сыртқы істер министрлігі Израильдің бұл шабуылдарын "халықаралық құқықтың ашық бұзылуы" деп атап, қатаң айыптады. Министрлік қысқаша мәлімдемесінде Иран "батыл түрде жауап беру құқығын сақтайтынын" және "Израиль режимі өз агрессиясының салдарымен бетпе-бет келетінін" ескертті.
Иран Қарулы күштері де Израиль шабуылына "қатаң жауап" берілетінін мәлімдеп, Тель-Авивтің "ауыр салдарын тартатынын" айтты.
Толық дайындық
Жуырда Израиль армиясы жариялаған мәлімдемеде: «Израиль Әуе күштері ондаған жойғыш ұшақ арқылы Иранның түрлі аймақтарындағы ядролық нысандарды қоса алғанда ондаған әскери нысанаға жасалған шабуылдардың алғашқы кезеңін аяқтады» делінді.
Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Израиль Иранның жетекші ядролық ғалымдарын нысанаға алғанын және Иранның баллистикалық зымыран бағдарламасының өзегіне соққы бергенін мәлімдеді.
Израиль нақты қандай нысандарды атқылағаны әзірге белгісіз, бірақ Тегеранның батысындағы Читгар ауданынан түтін көтерілгені хабарланды. Бұл ауданда белгілі бір ядролық нысан жоқ, алайда елдің басқа аймақтарының да соққыға ұшырап ұшырамағаны туралы әзірге нақты ақпарат жоқ.
Израиль Қарулы күштерінің Бас штабының бастығы Эяль Замир Израильдің ондаған мың сарбазды әскери қызметке шақырғанын мәлімдеді.
Замир: «Бүкіл шекарамыз бойында дайынбыз. Бізге қарсы әрекет етуге тырысатын кез келген тарап ауыр салдарға ұшырайтынын ескертемін», – деді.
АҚШ шабуылға қатысы жоқ екенін мәлімдеді
Израильдік әскери шенеунік Израильдің Иранның ядролық нысандарын көздегенін айтты. Аты-жөнін жарияламау шартымен журналистерге пікір білдірген ол «әскери бекеттерді» де қамтитын шабуылдың жалғасып жатқанын жеткізді.
Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац Израиль армиясының Иранға қарсы шабуылдар ұйымдастырғанын және бұл кез Израиль аумағында төтенше жағдай жарияланғанын айтты.
Кац сондай-ақ Израильде «ерекше жағдай» орнағанын және жұма күні ел көлемінде мектептер жабылатынын мәлімдеді. Ол бұл шабуылдарды Тегеранға қарсы «алдын ала» жасалған соққы деп сипаттады.
Израиль Қорғаныс министрлігі таратқан мәлімдемеде: «Израильдің Иранға жасаған алдын ала шабуылынан кейін, жақын уақытта Израиль мемлекеті мен оның бейбіт тұрғындарына қарсы зымыран және ұшқышсыз ұшу құрылғылары арқылы шабуыл жасалуы мүмкін», – делінді.
Ал АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Израильдің бұл әрекетін біржақты шешім деп бағалап, «Израиль бұл қадамды өз бетінше жасады. Біз Иранға қарсы шабуылдарға қатысқан жоқпыз» деді.
Рубио: «Иран АҚШ-тың мүдделерін немесе қызметкерлерін нысанаға алмауы тиіс», – деп ескертті.