Израильдік құқық қорғау ұйымының мәлімдемесіне қарағанда Израиль Газаға көмек тасымалдаған кемедегі екі халықаралық белсендіні оқшаулау камерасына қамаған.
Сәрсенбі күні жасалған мәлімдемеде Адам құқықтарын қорғау ұйымы бразилиялық волонтер Тиаго Авила мен Палестина текті Франция азаматы, Еуропа парламентінің мүшесі Рима Хассанның басқа түрмеге ауыстырылып, оқшаулау камераларына орналастырылғанын білдірді.
Мәлімдемеде «Тиаго Авила екі күн бұрын бастаған аштық ереуіліне байланысты Аялон түрмесіндегі бір адамдық камераға алынды», - делінген.
«Авилаға түрме қызметкерлері агрессивті түрде қараған, бірақ физикалық шабуыл болмаған»,- деді «Адалах».
«Рима Хассан Гивон түрмесіндегі қабырғаға «Палестинаға бостандық» деп жазғаннан кейін Неве Тирза түрмесіндегі оқшаулау камерасына алынды», - деп қосты ол.
«Оны гигиеналық тұрғыдан өте нашар, терезесіз шағын камераға ауыстырды және түрме ауласына кіруге рұқсат бермеді», -деді.
«Жауап қайтару шаралары»
Адам құқықтарын қорғау ұйымы екі шетелдік белсендінің әртүрлі түрмелерге ауыстырылуын «еріктілердің құқықтарын өрескел бұзу, оларға психикалық және саяси қысым көрсету әрекеті» деп айыптады.
Ұйым Израиль билігін оқшаулауды, барлық кек алу әрекеттерін тоқтатуға және ұсталған сегіз еріктіні дереу босатуға шақырды.
Кейінірек орталық «Риманың оқшаулаудан Гивонға ауыстырылған, ал Тиаго оқшаулау камерасында қалған» деген ақпарат алғанын хабарлады.
Бұл екі кісі дүйсенбі күні Израиль күштері басып алған «Madleen» кемесінің бортындағы 12 халықаралық белсенділерден. Израиль сейсенбі күні белсенділердің төртеуін еліне депортациялады.
Түркиядан Шуайб Орду, Нидерландыдан Марк ван Реннес, Паскаль Мориерас, Янис Мхамди, Франциядан Рева Виард және Германиядан Ясемин Акар Израиль тұтқындаған қалған алты белсенді.
Израиль қырғыны
Израиль 2023 жылдың қазан айынан бері жалғасып келе жатқан қанды қырғында 55100-ден астам адамның өмірін қиған Газадағы Израильдің теңіз блокадасын бұзуға тырысқан Ұлыбритания туы бар кемені басып алды.
Наурыз айының басынан бері Израиль гуманитарлық көмекке тосқауыл қоюды жалғастырып жатқанда көмек агенттіктері Газадағы 2,4 миллион халықты қамтыған ашаршылық қаупі туралы ескертті.
Геноцид кезінде Израиль блокадаға алынған аумақтың көп бөлігін қиратып, бүкіл халықты көшірді.
Өткен қарашада Халықаралық қылмыстық сот Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху мен бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галлантты Газадағы соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстары үшін қамауға алуға ордер шығарды.
Израиль Палестинаға жүргізген аяусыз соғысы үшін Халықаралық сотта геноцид ісімен бетпе-бет келуде.