Киевтің орталығында жемқорлыққа қарсы мемлекеттік мекемелердің өкілеттіктерін шектейтін заңға қарсы наразылық шерулері жалғасып жатқан кезде, Украина президенті Владимир Зеленский жаңа заң жобасын дайындауға уәде берді.
Ресеймен қақтығыс басталғалы бері Украинадағы алғашқы ірі наразылыққа түрткі болған бұл заң жемқорлыққа қарсы екі маңызды мекеменің тәуелсіздігін шектеуге бағытталған.
Наразылардың бірі Вячеслав Быков сәрсенбі күні: «Біздің күресіміз екі майданда жүріп жатыр. Басты жауымыз - сыртта, бірақ іште де күрес бар», - деп мәлімдеді. Ол сондай-ақ «Біз Украинаның Ресейдің бір бөлігі болғанын қаламаймыз, жемқорлық жайлаған авторитарлы Украина да керек емес. Біз еркін Украинаны қалаймыз», - деді.
Басым көпшілігі жастардан құралған бірнеше мың адам сейсенбі күні Украина Парламенті қабылдаған заңға вето қойылуын талап етіп, Киевтегі бір театрдың алдына жиналды.
Аталған заң Украинаның Ұлттық жемқорлықпен күрес бюросы (NABU) мен Арнайы жемқорлыққа қарсы прокуратураны (SAPO) президент тағайындайтын Бас прокурордың тікелей бақылауына береді.
Заңды сынаушылар бұл құжат жемқорлыққа қатысты тергеулерге президент әкімшілігінің араласуын жеңілдетеді және Украинадағы негізгі мекемелердің тәуелсіздігіне қауіп төндіреді деп санайды.
«Украина бұл - Еуропа»
Зеленский сәрсенбі күні кешке жемқорлыққа қарсы мекемелердің тәуелсіздігін қамтамасыз ететін барлық нормаларды нақтылайтын жаңа заң жобасын ұсынатынын мәлімдеді.
Зеленский: «Құқықтық шараларға Ресейдің ешқандай ықпалы не араласуы болмайды», - деді.
Еуропа комиссиясының төрайымы Урсула фон дер Ляйен бастаған Киевтің әріптестері бұл өзгерістерге алаңдаушылықтарын білдірді.
Кейбір еуропалық одақтастар бұл қадам Украинаның Еуропалық Одаққа кіру ұмтылысының кілті болған сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларға нұқсан келтіреді деп алаңдайды.
Украинаның жемқорлықпен күресетін екі негізгі мекемесі «NABU» мен «SAPO» 2014 жылы Майдан төңкерісінен кейін құрылған болатын.
Шерушілердің бірі: «Украина бұл - Еуропа. Біз Ресейді артқа тастап, Еуропа үшін күресті жалғастырамыз», - деді.