АҚШ президенті Дональд Трамп кейбір елдерге, соның ішінде Африка мен Кариб бассейніндегі кішігірім елдерге 10 пайыздан асатын импорттық тариф енгізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Ол сондай-ақ Индонезиямен жасалған келісімге сәйкес, сол елден АҚШ-қа кіретін өнімдерге 19 пайыздық салық салынатынын хабарлады.
Трамп сейсенбі күні журналистерге «Біз олардың барлығына бір тариф қоятын шығармыз», - деді, кем дегенде 100 елдің өнімдеріне «10 пайыздан сәл астам» біркелкі мөлшерлеме ұсынды.
Тарифтер 1 тамыздан бастап күшіне енеді деп жоспарланды.
Сауда министрі Ховард Лутник бұл елдердің негізінен Африка мен Кариб теңізінде орналасқанын және АҚШ-тың сауда көлемінде салыстырмалы түрде аз үлестері бар екенін айтып, бұл Трамптың сауда теңгерімсіздіктерін азайту жөніндегі мақсатына айтарлықтай әсер етпейтінін білдірді.
Индонезияға қатысты болса Трамп келісім бастапқыда айтқан 32 пайыздық көрсеткіштен әлдеқайда төмен екенін айтты.
Трамп «Truth Social» сайтында «Келісім аясында Индонезия АҚШ-тың 15 миллиард долларлық энергетикалық өнімін, 4,5 миллиард долларлық ауылшаруашылық өнімін және 50 «Boeing» ұшағын сатып алуға міндеттеме алды», - деп жазды.
Трамп жиырмаға жуық елге және Еуропалық Одаққа келесі айда күшіне енетін тарифтер туралы хат жіберген болатын.
Сол кезде Трамп бастаған 90 күндік келіссөздер кезеңі 9 шілдеде аяқталды.
Президент сондай-ақ айдың соңына дейін фармацевтикалық импортқа жаңа тарифтер енгізілуі мүмкін екенін және бұл мәселе бойынша арнайы хабарлама жасалатынын айтты.
Трамп компьютерлік чиптерге арналған тарифтерге де осындай әдіс қолданатындарын, бастапқыда төмен мөлшерлемелерден бастап, кейін отандық өндіріс дамыған сайын салықтың уақыт өте келе өсетінін айтты.