Президент Режеп Тайып Ердоған IV Анталия дипломатия форумы аясында жоғары деңгейдегі бірқатар екіжақты кездесу өткізді.
Сенбі күні жасаған мәлімдемесінде Ердоған Түркияның дипломатиялық байланыстарды нығайту және халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге деген ұстанымын тағы да растады.
«Бөлшектенген әлемде дипломатияны қалпына келтіру» тақырыбымен өткен форум жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелерді диалог арқылы шешуге арналған маңызды алаңға айналды.
Сомалимен саяси және экономикалық ынтымақтастық
Сомали Президенті Хасан Шейх Махмудпен кездесуінде Ердоған Сомалидің саяси және экономикалық дамуына бағытталған Түркияның тұрақты қолдауын атап өтті.
Ұлттық татуласудың бірлік пен ынтымақтастық арқылы жүзеге асуының маңыздылығына назар аударған Ердоған Анкараның Могадишоның тұрақтылығы мен қайта қалпына келуіне қолдау көрсетуін жалғастыратынын жеткізді.
Түркия мен Грузия көлік саласындағы терең ықпалдастыққа ұмтылуда
Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидземен кездесуінде Ердоған екі ел арасындағы стратегиялық қарым-қатынастардың дамып келе жатқанын атап өтті.
Ол Баку-Тбилиси-Карс темір жолының маңызын атап өтіп, бұл бағыттың толық қуатымен жұмыс істеуі үшін Түркияның қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Сонымен қатар Ердоған Түркияның Грузияның егемендігі мен аумақтық тұтастығына деген қолдауын растады және алдағы кезеңде екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі тереңдей түсетініне сенім білдірді.
Палестина мен Газаға берік қолдау
Палестина Премьер-министрі Мұхаммед Мұстафамен кездесуінде Ердоған Газаны нысанаға алған Израильдің шабуылдарын қатаң айыптап, Түркияның екі мемлекет негізіндегі шешім жолындағы үндеуін қайталады.
Газа халқының күштеп көшірілуіне үзілді-кесілді қарсы екендігін айтқан Ердоған Түркияның аймаққа гуманитарлық көмек пен халықаралық деңгейде саяси қолдау көрсетуін жалғастыратынын атап өтті.
«Біз Палестина халқының жанындамыз», – деп түйіндеді Ердоған.
Суданды қайта қалпына келтіру мен егемендігін қолдау
Президент Режеп Тайып Ердоған Судан Егемендік Кеңесінің Төрағасы Абделфаттах әл-Бурханмен кездесуінде жуырда болған қақтығыстардан кейін Түркияның Судандағы қайта қалпына келтіру және қалыпқа келу процесіне қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Екіжақты серіктестіктің кеңейіп келе жатқанына назар аударған Ердоған Анкараның Суданның аумақтық тұтастығы мен егемендігіне берген маңызын тағы бір рет атап өтті.
Сьерра-Леонемен Африкадағы ынтымақтастықты арттыру
Сьерра-Леоне Президенті Джулиус Маада Биомен кездескен Ердоған әсіресе қорғаныс өнеркәсібі саласында ынтымақтастықты күшейту қажеттігін айтты.
Түркияның өзара пайдаға негізделген Африка саясатымен үйлесетін бұл серіктестіктердің маңыздылығына тоқталған Ердоған сауда, білім беру және энергетика салаларындағы қарым-қатынастардың артып келе жатқанын хабарлады.
Болгариямен өңірлік ынтымақтастықты кеңейту
Болгария Премьер-министрі Росен Желязковпен кездесуінде Ердоған энергетика және қорғаныс салаларында ынтымақтастықты тереңдетуге шақырды.
Терроризмге қарсы күресте ортақ күш-жігердің маңызын атап өткен Ердоған Болгарияның өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылыққа көбірек үлес қосуын күтетініне тоқталды.
Ердоғанның айтуынша Анкара мен София арасындағы ынтымақтастық Балқандағы ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылық үшін шешуші ролге ие.
Болашаққа бағытталған дипломатияның тоғысқан мекені
Анталия дипломатия форумы Түркияның көпжақты дипломатия стратегиясының орталығына айналды.
Әлемдік деңгейдегі шиеленістердің артқан кезеңінде Президент Ердоған бұл кездесуді стратегиялық байланыстарды нығайту, бейбітшілікті қорғау және Түркияны халықаралық дипломатияда белсенді күш ретінде көрсету үшін пайдаланды.