Түркияның бағдарламалық қамтамасыз ету және қорғаныс өнеркәсібіндегі алпауыты «HAVELSAN» мекемелердегі деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әзірленген жабық жүйелі жасанды интеллект жүйесі «MAIN»-ды ұсынып отырғанын мәлімдеді. Бұл жүйе «ChatGPT» мен «Gemini» сияқты ашық платформаларға қауіпсіз балама ретінде жасалды. Жүйе интернетсіз жұмыс істейді, тек мекеменің ішкі деректерін ғана пайдаланады.
«HAVELSAN»-ның Бизнесті дамыту директоры Арыф Фуркан Менди Стамбулда өткен IDEF 2025 Халықаралық Қорғаныс Өнеркәсібі көрмесінде Анадолы агенттігіне сұхбат берді. Ол «MAIN» жүйесінің толықтай офлайн режимде жұмыс істейтін, мекемелерге арнайы әзірленген жасанды интеллект көмекшісі екенін айтты.
«Бұл жүйе интернетсіз жұмыс істейтін жасанды интеллект көмекшісін ұсынады», — деген Менди Түркиядағы мекемелердің үлкен көлемдегі дерекке ие екенін және бұл деректерді сұрыптау үшін арнайы инфрақұрылым қажет екенін атап өтті.
Менди: «ChatGPT» немесе «Gemini» сияқты ашық дереккөзді сұхбат боттары күнделікті өмірде жиі қолданылғанымен, оларды мекемелерде пайдалану деректердің қауіпсіздігі тұрғысынан аса қолайлы емес», — деді. «Деректердің шетелге жіберілуі немесе интернет арқылы әлемге ашық болуы бұл киберқауіпсіздікке елеулі қауіп төндіреді», — деп қосты ол.
Менди «HAVELSAN» компаниясы әзірлеген «MAIN» жүйесі арқылы мекемелерге қауіпсіз инфрақұрылым ұсынатындарын атап өтіп, жасанды интеллект қызметінің толығымен мекеме шеңберінде, сыртқы әлеммен ешқандай байланыссыз жұмыс істейтінін жеткізді.
Сондай-ақ ол «Дерек толықтай мекеме ішінде қалады. Біз бұл инфрақұрылымды серверлерімен бірге ұсынамыз және деректің сыртқа шығуына жол бермейміз», — деп түсіндірді.
«MAIN» жүйесін қолдана бастаған мемлекеттік мекемелер жасанды интеллекттен туындайтын тиімділік пен шығынды азайту артықшылықтарын да пайдалана алатынын айтқан Менди мұның әсіресе мемлекеттік және жекеменшік сектор үшін үлкен жетістік болатынын атап өтті.
Менди «HAVELSAN» тек «MAIN» жүйесімен ғана емес, параметр саны әртүрлі көптеген жасанды интеллект үлгісімен де қызмет көрсететінін жеткізді. Бұл үлгілер арасында 9 миллиард және 70 миллиард параметрі бар модельдермен қатар, одан да ірі жүйелер бар екенін атап өтті. «Мекемелердегі дерек түріне қарай әртүрлі модельдерді қолданамыз. Осылайша біз түрлі салаларға қызмет көрсете аламыз», — деді ол.
Сондай-ақ ол «MAIN» жүйесін тек әскери мақсатта ғана емес, бағдарлама қамтамасыз ету үдерістерінде де қолдануға болатынын айтты. Бұл жүйе әзірлеушілерге көмек көрсетіп қана қоймай, жылдам интерфейс және қосымша әзірлеу сияқты салаларда да айтарлықтай үлес қосады.
«Біз төмен кодты әзірлеу платформамыз арқылы жылдам экран жобалау және қосымша әзірлеу сияқты бағдарламалық үдерістерде де пайдаланушыларды қолдаймыз», — деп қосты «HAVELSAN» өкілі.
Мемлекеттік деректер үшін қауіпсіз жасанды интеллект
«HAVELSAN»-ның жасанды интеллектке негізделген түрлі қосымшаларға қызмет көрсете алатын инфрақұрылым ұсынатынын атап өткен Ариф Фуркан Менди «MAIN» жүйесінің мемлекеттік секторда қолданылуына қатысты қойылған сұраққа да жауап берді.
Ол «HAVELSAN»-ның Түркияда мемлекеттік сектордағы цифрлық трансформацияға жетекшілік етіп отырғанын атап өтіп, бұл өзгерістің әсіресе ақпараттық және коммуникациялық технологиялар арқылы жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.
«MAIN» арқылы алдымен мемлекеттік мекемелерді түрлендіруді көздеп отырмыз. Осылайша мемлекетке тиесілі үлкен деректер жиынтығын жүйелеу арқылы тиімділікті арттырғымыз келеді. Бұл трансформациядан кейін деректерді бүкіл Түркия көлемінде кеңінен қолдануға мүмкіндік беретін құрылым қалыптастыруды жоспарлап отырмыз», — деді.
Ақпараттық технология және қорғаныс өнеркәсібі салаларында жұмыс істейтін «HAVELSAN» компаниясы Стамбулда өткен 17-ші Халықаралық қорғаныс өнеркәсібі көрмесінде (IDEF) көптеген өнімі мен қызметін келушілерге таныстыруда. Бұл өнімдердің қатарында көп салалы басқару және бақылау механизмдері, жасанды интеллектпен жабдықталған шешім қабылдауды қолдау жүйелері және гибридті операциялық платформалар бар. «HAVELSAN» бұл көрмеге «Қорғаныс үшін жасанды интеллект» тақырыбымен қатысуда.
6 күнге созылатын көрме Стамбул көрме орталығында, Ататүрік әуежайы, «WOW» қонақүйі және Атакөй маринада бір мезгілде өтуде. Көрме сейсенбі күні ашылды.
Шара «KFA Fuarcılık» ұйымдастыруымен, Түркия қорғаныс өнеркәсібі төрағалығы мен Түрік Қарулы Күштерін күшейту қорының қолдауымен өтіп жатыр. Көрменің жаһандық байланыс серіктесі - Анадолы агенттігі.
Биылғы іс-шараға 103 елден министрлер, бас штаб бастықтары мен жоғары деңгейдегі өкілдер қатысуда. Сонымен қатар 44 ел өз стендтерін ашқан, ал көрмеде 900-ден астам отандық және шамамен 400 шетелдік қорғаныс өнеркәсібі компаниясы өнімдерін танытуда.