Дүйсенбі күні Сыртқы істер министрлігінің өкілі «Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи осы аптада Мәскеуге сапар шегіп, Оманда АҚШ-пен өткен ядролық келіссөздер туралы талқылау жүргізеді»,-деп мәлімдеді.
Сенбі күні Аракчи Маскат қаласында АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткоффпен кездесу өткізген болатын. Бұл 2015 жылғы келісімнің бұзылуынан кейінгі екі ел арасындағы алғышқы жоғары деңгейдегі келіссөз болды.
«Аракчи апта соңында Мәскеуге барады. Бұл алдын ала жоспарланған сапар және Маскаттағы келіссөздерге қатысты соңғы оқиғаларды талқылауға мүмкіндік береді», – деді Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Исмаил Бекаи.
Иран мен АҚШ сенбі күні өткен келіссөздерді «конструктивті» деп бағалады. Келіссөздер АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменейге хат жолдап, ядролық келіссөздер жүргізуге шақырып, Тегеран одан бас тартса, әскери араласу болуы мүмкін екенін ескерткеннен кейін өтті.
Иранның жақын одақтасы ретінде Ресей және Қытай соңғы аптада Иранның ядролық бағдарламасы бойынша талқылаулар жүргізді.
Мәскеу Иран-АҚШ келіссөздерін құптап, дипломатиялық шешімге шақырды және әскери қақтығыстың жаһандық апат болатынын ескертті.
Иран мен АҚШ арасындағы келесі келіссөз 19 сәуір сенбі күніне жоспарланған.
Иран әлі келіссөздің өтетін орнын растаған жоқ, бірақ Нидерланд Сыртқы істер министрі мен дипломатиялық дереккөздер бұл талқылаулар Италия астанасында өтетінін айтты.
«Маңызды мәселелер»
«IRNA» ресми ақпарат агенттігі келіссөздердің Еуропада өтетінін хабарлады, бірақ егжей-тегжейлі мәлімет бермеді.
Бекаи келесі келіссөздер Оманның арағайындығымен жанама түрде жалғасатынын, тікелей келіссөздердің «тиімсіз» және «пайдасыз» екенін айтты.
Ол алдағы келіссөздердің тек ядролық мәселе мен санкцияларды алып тастауға бағытталатынын, Иранның АҚШ тарапымен басқа мәселелер бойынша ешқандай келіссөз жүргізбейтінін атап өтті.
Жексенбі күні түнде «IRNA» агенттігі Тегеранның аймақтық ықпалы мен зымырандық мүмкіндіктері келіссөздердегі «маңызды мәселелер екенін хабарлады.
2018 жылы Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде Вашингтон 2015 жылғы келісімнен шығып, Тегеранға ауыр санкциялар енгізген болатын.
Трамп келісімнен шыққаннан кейін бір жыл бойы Иран келісімді ұстанды, бірақ кейінірек оның талаптарын орындауды азайта бастады.
«Иран ядролық қаруға ұмтылады» деген айыптауларды үнемі жоққа шығарып келеді.
Бекаи Иранның Біріккен Ұлттар Ұйымының ядролық бақылау агенттігінің басшысы Рафаэль Гроссиді алдағы күндері қабылдайтынын, бірақ оның сапарының егжей-тегжейлері әлі шешілмегенін айтты.
Гросси «X» әлеуметтік желісінде осы аптада Тегеранға баратынын растады.
«Дипломатиялық шешімдер шұғыл қажет уақытта агенттікпен үздіксіз байланыс пен ынтымақтастық маңызды», – деді ол.
Халықаралық атом энергиясы агенттігінің басшысы Иранға соңғы рет қараша айында барып, президент Масуд Пезешкиянмен және басқа да жоғары лауазымды тұлғалармен кездесу өткізген болатын.
Ақпан айында жарияланған агенттіктің соңғы тоқсандық есебінде Иранда 60 пайызға дейін байытылған 274,8 килограмм (605 фунт) уран бар екенін хабарлады. Бұл көрсеткіш 2015 жылғы келісімде белгіленген 3,67 пайыздық шектен әлдеқайда жоғары және қару-жарақ деңгейіне жету үшін қажет 90 пайыздық межеге жақын.