Жас қызды зорлауға талпынды деген айыппен екі жасөспірімнің қамауға алынуы "нәсілдік астары бар" шабуылдарға ұласқаннан кейін Солтүстік Ирландияның бұл қаласында тәртіпсіздік екі түн қатарынан жалғасуда.
Сейсенбі күні көпшілігі бетперде киген жүздеген наразы Баллимена қаласының көшелеріне шықты. Полиция оларды суатқышпен тоқтатуға тырысты, ал наразы топ Молотов коктейльдері және тас лақтыра бастады.
Белфасттан шамамен 48 шақырым солтүстік-батыста орналасқан қаланың бір бөлігінде наразылар көлік пен баррикадаларды өртеген. Айналаға жиналған көптеген полиция қызметкері наразыларды тарату үшін резеңке оқ қолданды.
Оқиғалар алғаш рет дүйсенбі түнінде, сенбі күні зорлық жасалды деген ықшам ауданда өткен күзеттен кейін басталған.
Полиция комиссарының орынбасары Райан Хендерсон сейсенбі күні: "Бұл зорлық-зомбылық ашық түрде нәсілдік сипатта болып, этникалық азшылық өкілдеріне және полициямызға бағытталған," – деді.
Көші-қон деңгейі жоғары бұл қалада сейсенбі бойы ахуал шиеленісті. Жергілікті тұрғындар жағдайды "қорқынышты" деп бағалап, шабуыл жасағандар "этникалық азшылықты" нысанаға алғанын мәлімдеді.
"Жеккөрушілік шабуылдары"
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, полиция тарапынан жас қызды зорлауға талпынды деп айыпталған екі жасөспірім дүйсенбі күні сотқа тартылып, румын тілінде аудармашы сұратқан.
Полиция оқиғаның бетперде киген адамдардың “күзеттен шығып, баррикада орнатуға, оқ-дәрі жинауға және мүліктерге шабуыл жасауға” көшуімен басталғанын хабарлады.
Солтүстік Ирландия полиция қызметі бірқатар тұрғын үй мен кәсіпкерлік нысанға шабуыл жасалғанын растап, бұл оқиғалар бойынша “жеккөрушілік шабуылдары” бабымен тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Қауіпсіздік күштері де наразылар тарапынан лақтырылған Молотов коктейльдері, отшашу және кірпіштермен “үздіксіз шабуылға” ұшырағанын хабарлады. Нәтижесінде 15 полиция қызметкері жарақат алып, кейбірі ауруханада ем қабылдауға мәжбүр болған.
29 жастағы бір ер адам қамауға алынып, бүлік шығару, қоғамдық тәртіпті бұзу, мүлікке зиян келтіруге оқталу және полицияға қарсы шығу баптары бойынша айыпталды.
Төрт үй өрттен зардап шекті, бірқатар тұрғын және сауда орындарының есік-терезелері сындырылды.
Шабуыл нысанасына айналған үйдің қарсы бетінде тұратын, екі баланың анасы, румындық мигрант 52 жастағы Корнелия Албу отбасының “қатты қорыққанын” айтты.
Фабрикада жұмыс істейтін Албу: “Кеше түнгі оқиға өте қорқынышты болды. Мұнда көп адам келіп, біздің үйді өртемек болды,” – деді.
Ол енді көшуге мәжбүр болатынын, алайда румын ұлтынан болғаны үшін жаңа баспана таба алмай қалуға алаңдайтынын жеткізді.
"Қорқыныш құрсауында"
Клонавон ықшам ауданында өртеніп кеткен үйдің жанында тұратын 22 жастағы әйел түнді “қорқынышты” деп сипаттады.
Қауіпсіздік себептерімен аты-жөнін атамауды сұраған ол: “Адамдар кім болғаны және қаншалықты жазықсыз болғанына қарамастан этникалық азшылықты қудалап жүрді,” – деді.
Солтүстік Ирландия бұған дейін де тамыз айында Англияның солтүстік-батысындағы Саутпорт қаласында үш жас қыздың пышақталып өлтірілуінен кейін Ұлыбританияның түрлі қалаларында болған ұлтараздық сипаттағы тәртіпсіздіктерге ұқсас оқиғалардың куәсі болған.
Тегі аталмаған 24 жастағы Марктың айтуынша, демалыс күндері болған зорлау оқиғасы “тек қана бір түрткі болған”.