Иран мен Еуропа дипломаттары жұма күні Стамбулда кездесіп, Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты тығырықтан шығу жолдарын талқылауды бастайды.
Ұлыбритания, Франция және Германия өкілдері, яғни Е3 елдері Иранның Израильмен маусым айында болған 12 күндік соғысынан кейінгі алғашқы келіссөз үшін Иран консулдығы ғимаратында жиналады.
Еуропалық дипломаттың айтуынша, санкцияларды қайта енгізу, яғни «шұғыл қайтару» механизмі "snapback" күн тәртібінде тұр.
«Иран тарапынан сенімді дипломатиялық қадамдар жасалып, Халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) толық ынтымақтастық қайта жанданған жағдайда және жоғары байытылған уран қоры бойынша алаңдаушылықтар шешілсе, санкцияларды енгізуді кейінге қалдыру мүмкіндігі ұсынылды», – деді дипломат.
Еуропалық көшбасшылар Иранның ядролық бағдарламасын шектеу бойынша ілгерілеу болмаса, тамыз айының соңына дейін санкциялардың қайта енгізілетінін мәлімдеді.
Ал Тегеран болса, 2015 жылғы келісімнен Дональд Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде шығып кеткен АҚШ-тың келіссөздегі роіне байланысты сенімін қайта қалыптастыруы керектігін білдірді.
Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади Иранның қатысуы «бірнеше негізгі қағидаттарға» байланысты екенін, оның ішінде «Иранның сенімін қалпына келтіру» бар екенін атап өтті. «Иран АҚШ-қа мүлдем сенбейді», – деді ол.
Бейсенбі күні әлеуметтік желіде Гарибабади келіссөздер «жасырын әскери әрекеттер сияқты мақсаттар» үшін пайдаланылмауы тиіс екенін айтты.
Ол Иранның уран байыту құқығы «заңды қажеттіліктеріне сәйкес» құрметтелуі және санкциялар алынып тасталуы тиіс екенін талап етті.
Иран ядролық қару жасаудан бас тартуға міндеттейтін Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығамын деп бірнеше рет ескертті.
Жұма күнгі келіссөзге Иран тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Маджид Тахт-е Раванчи қатысады. Осындай кездесу мамыр айында да Стамбулда өткен болатын.
Келіссөзге қатысатын Е3 өкілдерінің кім екені әзірге белгісіз, бірақ Еуропалық Одақтың сыртқы саясат жөніндегі орынбасары қатысады деп күтілуде.
Ұлыбритания, Франция және Германия 2015 жылғы келісімге АҚШ, Ресей және Қытаймен бірге қол қойған елдер қатарында. АҚШ 2018 жылы бұл келісімнен шыққанда, Трамп бұл келісімді жеткілікті қатаң емес деп санаған еді.