Стамбулда өткен үшжақты саммитте Италия Түркиямен заңсыз көші-қон ағынын басқарудағы ынтымақтастықты жоғары бағалап, нәтижелерді «керемет» деп сипаттады.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Италия премьер-министрі Джорджа Мелони және Ливия премьер-министрі Абдулхамид Дибейбе ортақ мәселелерге байланысты ынтымақтастықты талқылау үшін басқосты. Саммиттің басты күн тәртібі заңсыз көші-қон болды.
Мелони осы мәселе бойынша Түркиямен қол жеткізілген тамаша нәтижелерді жоғары бағалап, Түркияның ынтымақтастығынан алынған тәжірибелерді Ливияның көші-қонын қолдау үшін қолдануға қызығушылық танытты.
Италия үкіметі таратқан мәлімдемеде: «Премьер-министр Мелони адам саудасымен айналысатын халықаралық қылмыстық желілерге қарсы күрес, заңсыз көші-қонның алдын алу шараларын жетілдіру және Ливияның көші-қон қысымын басқаруына қолдау көрсету мақсатында бірқатар шараларды әріптестерімен талқылады», — делінген.
Сондай-ақ көшбасшылар Ливияның бірлігіне, тәуелсіздігіне және саяси тұрақтылығына деген берік ұстанымдарын тағы бір мәрте растады.
Мелони Ливия халқының жетекшілігімен және БҰҰ-ның қолдауымен жүргізілетін саяси үдерісті қолдайтынын атап өтіп, шынайы сайлау өткізуге қолайлы жағдай жасауды мақсат ететіндерін жеткізді.
Үш тарап нақты бір уақыт аралығында жүзеге асырылатын қадамдарды айқындау үшін техникалық деңгейдегі келіссөздерді қайта бастауға келісті.
Түркия Президентінің аппараты жанындағы Коммуникация басқармасы Жерорта теңізіндегі аймақтық мәселелерге, әсіресе заңсыз көші-қонмен күрестегі үшжақты ынтымақтастықтың маңыздылығына ерекше назар аударды.