Ресми тұлғалардың хабарлауынша, соңғы апталарда Пәкістанда АҚШ-қа қарсы көңіл-күй мен АҚШ одақтасы Израильдің Газадағы соғысына байланысты өршіген ашу толқыны аясында америкалық жылдам тағам желісі "KFC" нысандарына жасалған 10-нан астам шабуылдан кейін ондаған адам қамауға алынды.
Карачи, Лахор және астана Исламабад қалаларын қоса алғанда елдің ірі шаһарларында полиция “KFC” филиалдарына таяқпен қаруланған наразылық білдірушілердің шабуыл жасап, мүлікке зиян келтірген 11 оқиғаны растады.
Билік осы аптада кемінде 178 адамның ұсталғанын мәлімдеді.
АҚШ-та орналасқан "KFC" және оның бас компаниясы "Yum Brands" түсініктеме беру туралы сұраныстарға жауап бермеді.
Лахор қаласында полиция ондағы 27 «KFC» филиалында қауіпсіздік шараларының күшейтілгенін хабарлады. Қалада екі шабуыл тіркеліп, тағы бес шабуылдың жолы кесілгені айтылды.
Лахор қаласының полиция басшысының орынбасары Файсал Камран: «Бұл шабуылдарда әртүрлі адам мен топтың рөлін тексеріп жатырмыз», – деді. Ол сондай-ақ Техрик-и-Лаббайк Пәкістан (TLP) партиясының бір мүшесін қоса алғанда 11 адамның тұтқындалғанын атап өтті.
Камран наразылықтардың TLP тарапынан ресми түрде ұйымдастырылмағанын да айтты.
Бойкоттар
TLP өкілі Рехан Мохсин Хан: «Біз мұсылмандарды Израиль өнімдерін бойкоттауға шақырдық, бірақ “KFC” алдында наразылық өткізуге қатысты ешқандай үндеу жасаған жоқпыз», – деді. «Егер өзін TLP жетекшісі немесе белсендісі деп таныстырған кез келген адам осындай әрекетке қатысқан болса, бұл оның жеке бастамасы болып саналады және партияның ұстанымына еш қатысы жоқ», – деп қосты ол.
Соңғы айларда Израильдің Газадағы әскери шабуылдарына байланысты Батыс брендтері Пәкістан мен өзге де мұсылман көп елдерде бойкот пен түрлі наразылық түрлерінің нысанына айналды.
Тель-Авив 2023 жылы 7 қазанда Газада жойқын соғыс операциясын бастады. Жергілікті денсаулық сақтау органдарының дерегінше, сол күннен бері Израильдің шабуылдары салдарынан 51 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан.
"Yum Brands" компаниясы құрамындағы тағы бір бренд "Pizza Hut" та Газа соғысына байланысты бойкоттардан ұзақ мерзімді әсер көргенін растады.
Пәкістанда кейбір тұтынушылар америкалық брендтерден бас тартып жатқандықтан жергілікті компаниялар жылдам дамып келе жатқан газдалған сусын нарығында өз үлесін ұлғайта бастады.
"GlobalData" деректері бойынша, "Coca-Cola" компаниясының Пәкістандағы нарықтағы үлесі 2022 жылғы 6,3%-дан 2023 жылы 5,7%-ға дейін төмендеген. "PepsiCo" үлесі де 10,8%-дан 10,4%-ға дейін азайған.
Айдың басында пәкістандық дін қызметкерлері Израильге немесе АҚШ экономикасына қолдау көрсетеді деп есептелетін өнімдер мен брендтерді бойкоттауға шақырып, сонымен қатар халықты сабырлы болуға және мүлікке зиян келтірмеуге үндеген.