Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Сирияда әрекет ететін мемлекеттік емес топтардың бөлінуін және тұрақсыздандыру әрекеттерін Түркияның ұлттық қауіпсіздігіне қауіп ретінде қабылдайтынын, сондықтан бұл мәселеге араласатынын мәлімдеді.
Фидан сейсенбі күні Анкарада сальвадорлық әріптесі Александра Хиллмен бірлескен баспасөз мәслихатында «Израиль өз аймағын әлсіретіп, хаоста ұстауға тырысатын саясат ұстануда», - деді.
Фидан Израильдің өз айналасында тұрақты ел көргісі келмейтінін және Сирияны бөлуді мақсат етіп отырғанын атап өтті.
13 шілде күні Сувейда қаласында бәдеуин араб тайпалары мен қарулы дүрзі жасақтары арасында қақтығыс болды. Зорлық-зомбылық күшейіп, Израиль Сирияның Дамаскідегі әскери нысандары мен инфрақұрылымына шабуылдаған болатын.
Израиль өз шабуылын «дүрзі қауымдастығын қорғау» деп ақтады.
Алайда Сириядағы дүрзі жетекшілерінің көпшілігі шетелдік араласуды қабылдамады және біртұтас Сирия мемлекетін құру ниетінде екендерін мәлімдеді.
Зорлық-зомбылықтың күшеюіне жауап ретінде Сирия үкіметі Сувейдада төрт рет атысты тоқтату келісімін жариялады, олардың соңғысына сенбі күні қол жеткізілді.
Сирияның жаңа үкіметі бұрынғы режим жетекшісі Башар Асад 2024 жылдың 8 желтоқсанында биліктен кеткеннен кейін елде тәртіп орнатуға тырысуда.