Иран мемлекеттік телерадио компаниясы «Press TV» хабарлағандай, Иран мен Франция, Германия және Ұлыбританиядан тұратын Еуропа үштігі (E3) осы жұма күні Стамбулда ядролық келіссөздерді қайта бастауға уағдаласты.
Жексенбі күні таратылған хабарда «Иран мен Франция, Германия және Ұлыбританиядан тұратын Еуропалық үштік жұма күні Стамбулда ядролық келіссөздерді қайта бастайды», – делінді.
Одан бұрын жарияланған хабарда тараптардың келесі аптада келіссөздерді қайта бастауға қатысты келісімге келгені айтылған еді, бірақ нақты күн мен орын жарияланбаған болатын.
Бейсенбі күні Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен кездескен Ұлыбритания, Франция, Германия және Еуропалық Одақтың жоғары деңгейдегі дипломаттары ядролық келісімге қайта оралудың маңыздылығын атап өтті. Егер бұл жүзеге аспаса, БҰҰ санкцияларын автоматты түрде қалпына келтіретін “тетікті іске қосу” (snapback) механизмін қолдануға дайын екендерін жеткізді.
Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөздер Оманның араағайындығымен жүргізіліп жатқан болатын, алайда 13 маусымда Израильдің жасаған шабуылы бұл процесті тоқтатып, 12 күнге созылған қақтығыс кезеңі басталған еді. Бұл шабуыл Оман астанасы Маскатта жоспарланған алтыншы кезең келіссөзіне небәрі екі күн қалғанда жасалған еді.
Иран бұл шабуылда жоғарғы әскери басшылардың, ядролық ғалымдардың және бейбіт тұрғындардың қаза тапқанын мәлімдеп, АҚШ-ты да жауапты деп айыптады. Ал АҚШ ірі үш ядролық нысанға шабуыл жасап, оларды жойғанын мәлімдеп, 24 маусымда күшіне енген бітім арқылы қақтығыстар аяқталған болатын.
«Жауапкершілікпен әрекет етуі керек»
АҚШ пен Еуропа елдерінің лауазымды тұлғалары Иран ешқашан ядролық қаруға ие болмауы тиіс деп мәлімдесе, Тегеран өзінің ядролық бағдарламасының тек бейбіт мақсатты көздейтінін алға тартады.
E3 және Еуропалық Одақпен жүргізілген келіссөздерден кейін сөйлеген сөзінде Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи 2015 жылғы ядролық келісімнен шыққан тараптың АҚШ екенін еске салып, жаңа келіссөздердің тек «қарсы тарап әділ, теңгерімді және өзара тиімді ядролық келісімге дайын болған жағдайда» ғана мүмкін болатынын айтты.
Аракчи өзінің «X” парақшасында былай деп жазды: «Егер ЕО/E3 қандай да бір рөл атқарғысы келсе, жауапкершілікпен әрекет етуі керек және ‘snapback’ сияқты қауіп-қатер мен қысым саясатын тоқтатуы тиіс. Мұндай әрекетке ешқандай моральдық немесе заңды негіздері жоқ».