Жексенбі күні Президент Режеп Тайып Ердоған Солтүстік Кипр Түрік Республикасында (СКТР) Бейбітшілік пен Еркіндік күнін атап өтіп, 1974 жылғы Кипр Бейбітшілік операциясының 51 жылдығына байланысты шараларға қатысты.
Ердоған Кипр аралын Грекияға қосуға бағытталған грек төңкерісіне Түркияның жауап ретінде бастаған әскери операциясын еске алу үшін СКТР-ге барды.
Кипр түрік халқына арнаған жолдауында Ердоған «Кипр Бейбітшілік операциясының 51 жылдығында Кипр түрік халқының күресі үшін жанын қиған шейіттерімізді құрметпен еске аламын, қаһарман ардагерлерімізге алғысымды білдіремін», – деді.
Ондаған жыл бойы жалғасқан мәселе
Кипр аралында Біріккен Ұлттар Ұйымының жан-жақты шешім табуға бағытталған күш-жігеріне қарамастан, гректер мен түріктер арасында ондаған жыл бойы жалғасып келе жатқан дау-дамай бар.
1960жылдардың басында басталған этникалық шабуылдар түріктердің қауіпсіздік мақсатында қоршауға алынған елді мекендерге шегінуіне себеп болды.
1974 жылы аралды Грекияға қосуға бағытталған грек төңкерісі Түркияның кепіл ел ретінде Кипр түріктерін зұлымдық пен күш қолданудан қорғау үшін әскери операциясына себеп болды. Соның нәтижесінде 1983 жылы Солтүстік Кипр Түрік Республикасы құрылды.
Соңғы жылдары Түркия, Грекия және Ұлыбритания сияқты кепіл елдердің бақылауымен бейбітшілік процесі күн тәртібіне қайта келді.
Кипр Грек әкімшілігі 2004 жылы Еуропалық Одаққа мүше болды. Сол жылы грек тарапы Біріккен Ұлттар Ұйымының ұзаққа созылған дауды шешуге бағытталған жоспарын біржақты бұғаттап тастады.