АҚШ Президенті Дональд Трамптың Нобель бейбітшілік сыйлығын иеленуге деген құштарлығы Норвегиядағы Нобель комитетінің шешіміне әсер етуі мүмкін. Алайда комитет «еш ықпал етпейтінін» қатаң түрде атап өтті.
Ақ Үйге оралғалы Трамп 2009 жылы қызметке кіріскеннен талайды таңғалдырған демократ бәсекелесі Барак Обама алған марапатты алғысы келетінін мәлімдеді.
79 жастағы миллиардер Газа мен Украинадағы соғыс әлі жалғасып жатқанына қарамастан, алты соғысты тоқтатқанын алға тартып, «бұл сыйлыққа лайықпын» деп бірнеше рет қайталады.
Комитет хатшысы Кристиан Берг Харпвикен Ослода берген сұхбатында: «Әрине белгілі бір үміткерлерге қатысты медианың назарын байқаймыз, бірақ бұл комитет ішіндегі пікірталастарға еш әсер етпейді. Комитет әрбір үміткерді еңбегіне қарай бағалайды», - деді. Биылғы жеңімпаздар 10 қазанда жарияланбақ.
Трамп өзін Израильден Беньямин Нетаньяху мен Әзербайжаннан Ильхам Әлиев сынды бірнеше шетелдік көшбасшының ұсынғанын немесе үміткерлігін қолдағанын алға тартып, марапатқа лайықты екенін дәлелдеуге тырысуда. Алайда үміткерлердің ұсынысы 31 қаңтарға дейін яғни Трамптың қызметке кіріскенінен небәрі 11 күн өткен соң тапсырылуы қажет болғандықтан биылғы марапат шұғыл немесе алдын ала жоспарланған болуы керек еді.
Телефон әңгімесі
Берг Харпвикен: «Үміткер болу – үлкен жетістік емес. Нағыз жетістік – марапатты жеңіп алу»,- деді.
«Үміткер ретінде ұсыналатындар өте көп. Олардың арасында бүкіл әлемнің парламент мүшелері мен министрлері, бұрынғы Нобель сыйлығының иегерлері және кейбір университет профессорлары бар. Сондықтан мыңдаған, тіпті он мыңдаған адам үміткер ұсына алады», - деп қосты Харпвикен.
Биыл комитет 338 адам мен ұйымнан тұратын тізімнен жеңімпазды таңдамақ. Бұл тізім 50 жыл бойы құпия сақталады. Ең ықпалды үміткерлер қысқа тізімге енгізіледі, содан кейін әр үміткерді мамандар жеке-жеке бағалайды.
Комитетті бағыттап, бірақ дауыс беруге қатыспайтын Харпвикен: «Комитет талқылау жүргізгенде талқылауды алға жетелейтін – білім мен сараптамалар. Соңғы 24 сағатта ең көп назар аударған медиа жаңалығы емес. Жыл сайын түрлі науқандар жүргізілетінін жақсы білеміз. Біз бұл марапаттау үдерісін, отырыстарды кез келген науқанның ықпалына қалмайтындай етіп ұйымдастыру үшін бар күшімізді саламыз», - деді.
«Dagens Naeringsliv» газетінің хабарлауынша, Трамп шілде айының соңында тарифтерге байланысты телефон әңгімесінде Норвегияның қаржы министрі әрі бұрынғы НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенбергке Бейбітшілік сыйлығын беру мәселесін көтерген. Қаржы министрлігі телефон әңгімесінің болғанын растады, бірақ екеуінің Нобельді талқылап-талқыламағанын айтпады.
Күтпеген жеңімпаз ба?
Норвегия Нобель комитетінің бес мүшесін Норвегия Парламенті тағайындағанымен комитет шешімдерінің партия мен қазіргі үкіметтен тәуелсіз қабылданатынын баса айтты.
Бұған айқын мысал ретінде комитет 2010 жылы Норвегия үкіметінің жасырын ескертулерін елемей, сыйлықты қытайлық оппозиционер Лю Сяобоға табыстаған. Бұл шешім Пекин мен Осло арасында бірнеше жылға созылған дипломатиялық дағдарысқа алып келді.
Берг Харпвикен: «Нобель комитеті толықтай тәуелсіз әрекет етеді және үміткерлерді талқылау барысында мұндай алаңдаушылықтарды ескермейді», - деп қосты.