Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жексенбі күні мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында «Ресей президенті Владимир Путин атысты тоқтату келісіміне дайын, алайда Мәскеудің басты мақсаты өз мүдделеріне қол жеткізу»,- деді.
Песков әлемнің АҚШ президенті Дональд Трамптың «қатаң» мәлімдемелеріне үйреніп қалғанын, бірақ Трамп Ресейге қатысты мәлімдемелерінде бейбіт келісімге ұмтылуды жалғастыратынын баса айтқанын айтты.
Мемлекеттік телеарнаның тілшісі Павел Зарубинмен сөйлескен Песков: «Президент Путин Украина мәселесін бейбіт жолмен мүмкіндігінше тезірек шешуді қалайтынын бірнеше рет білдірді. Бұл ұзақ процесс, күш-жігерді қажет етеді және оңай емес»,- деді. Ол Ресей үшін ең маңыздысы өз мақсаттары екенін және мақсаттың айқын екенін атап өтті.
Трамп дүйсенбі күні Ресейге қатысты қатал пікір білдіріп, Украинаға «Patriot» қорғаныс жүйелерін қоса алғанда, жаңа әскери көмек легін жіберетінін мәлімдеді. Сонымен қатар ол Ресейге атысты тоқтату үшін 50 күндік мерзім беретінін, келісімге келмеген жағдайда қосымша санкцияға тап болатынын ескертті.
Сондай-ақ Ресейдің ресми ақпарат агенттігі «РИА» жексенбі күні Ресей Қорғаныс министрлігінің мәлімдемесіне сілтеме жасап, Ресей күштері Украинаның шығысындағы Донецк облысындағы Била Хора ауылын бақылауға алғанын хабарлады.