АҚШ Президенті Дональд Трамп соғыс жүріп жатқан Украинаға Ресей шабуылдарына қарсы қорғануы үшін көбірек қару-жарақ жіберетіндерін мәлімдеді.
Дүйсенбі күні Ақ Үйде журналистерге берген сұхбатында Трамп Украина Ресейдің ауыр соққыларына ұшырап жатқанын, өзін-өзі қорғауы керек екенін атап өтті. Сондай-ақ АҚШ негізінен қорғаныс мақсатындағы қаруларды жіберетінін айтты.
Трамп жұма күні журналистерге жасаған мәлімдемесінде Украинаның қорғанысы үшін «Patriot» зымыраны қажет екенін айтқан болатын, бірақ дүйсенбі күні бұл тақырыпқа тоқталған жоқ.
Трамп Нетаньяхумен кешкі астан бұрын: «Біз көбірек қару жібереміз. Біз мәжбүрміз. Олар өздерін қорғай алуы керек.
Қазір олар өте ауыр соққы алып жатыр. Өте ауыр. Біз көбірек қару жіберуіміз керек, басым көпшілігі қорғаныс қарулары» - деді.
Ресей президенті Владимир Путиннің соғысты тоқтатпағанына «көңілі қалғанын» айтқан Трамп: «Мен бұл жағдайға риза емеспін» - деді.
«Әуе кеңістігін қорғау»
Жұма күні Трамппен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Зеленский Киевтің әуе кеңістігін қорғау қабілетін арттыру үшін АҚШ-пен бірлесіп жұмыс істеуге келіскендерін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ Зеленский Трамппен бірлескен қорғаныс өндірісі, сатып алу және инвестициялар мәселелерін талқылағандарын атап өткен еді.
Украина Ресейдің үдей түскен әуе шабуылдарына қарсы қалаларын қорғау үшін Вашингтоннан аса маңызды деп саналатын қосымша «Patriot» зымыраны мен жүйесін сатуды сұрап отыр.
Вашингтонның Украинаға кейбір қару-жарақты жеткізуді тоқтату туралы шешімі Киевтің Ресейдің әуе шабуылдарына және майдандағы ілгерілеулеріне қарсы қорғану қабілеті әлсіреуі мүмкін деген алаңдаушылық тудырды. Германия Украина үшін «Patriot» әуе қорғаныс жүйелерін сатып алу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады.