Украина президенті Владимир Зеленский «New York Post» газетіне берген сұхбатында президент Дональд Трамппен Вашингтонның Украинаның ұрыс даласында сыналған ұшқышсыз ұшақтарды сатып алуы және Киевтің АҚШ-тан қару сатып алуы туралы келісімі қарастырылып жатқанын айтты.
Зеленский Украинада жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттары Ресей аумағына 1300 шақырым тереңдіктегі нысаналарды соққылай алатынын атап өтті.
Зеленский сәрсенбі күні «The Post» басылымына берген сұхбатында: «Америка халқына бұл технология қажет, әрі бұл технология қару-жарақ қоймаларыңызда міндетті түрде болуы тиіс», – деді.
Украина президенті ұшқышсыз ұшу аппараттары үш жылдан астам уақыт бойы Ресейдің басқыншылығына қарсы тұруға мүмкіндік берген негізгі құрал екенін айтты.
«Бұл тәжірибені Америкамен және басқа да еуропалық серіктестерімізбен бөлісуге дайынбыз», – деді Зеленский. Сондай-ақ Дания, Норвегия және Германиямен де келіссөздер жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Жаңа үкіметін таныстыру үшін парламентте сөз сөйлеген Зеленский АҚШ-пен Украинаға күш қосатын кейбір келісімдердің жасалатынын мәлімдеді, алайда егжей-тегжейіне тоқталмады.
Ал АҚШ келесі жылғы қорғаныс және ұлттық қауіпсіздікке арналған бюджетте шағын ұшқышсыз ұшу аппараттарына арналған шығындарды арттыруды көздеп отыр. Бұған себеп ретінде Украинадағы ұшқышсыз ұшақтардың шығынының төмендігі, соғыс құралы ретінде тиімділігі атап өтілді.