БҰҰ-ның Денсаулық сақтау жөніндегі агенттігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус дүйсенбі күні жасаған мәлімдемесінде Израиль күштерінің Газаның Дейр-Белах қаласындағы ДДСҰ қызметкерлеріне арналған тұрғын үйге және негізгі қоймаға үш рет шабуыл жасағанын, қызметкерлер мен олардың туыстарын қамауға алғанын хабарлады.
Тедрос: «Израиль әскері ғимаратқа басып кіріп, ұрыс жүріп жатқан сәтте әйелдер мен балаларды әл-Меваси аймағына жаяу көшуге мәжбүр етті», – деді.
Оның айтуынша, қызметкерлер мен олардың ортбасындағы ер адамдар оқиға орнында кісендеп, шешіндірілген, тергеліп, қару қолдану арқылы тінтілген. Сонымен қатар екі ДДСҰ қызметкері мен екі отбасы мүшесі тұтқындалған.
Тедростың айтуынша, кейінірек үш адам босатылды, алайда бір қызметкер әлі де қамауда. Ол жағдай тұрақталған бойда ДДСҰ-ның 32 қызметкері мен олардың туыстары ұйым кеңсесіне көшірілгенін де атап өтті.
«ДДСҰ тұтқындалған қызметкердің дереу босатылуын және барлық қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етеді», – деді Тедрос.
Кешіккен бітім
Израильдің Дейр-Белахтағы соңғы көшіру бұйрығына қатысты алаңдаушылығын білдірген Тедрос бұл шешімнің ДДСҰ-ның көптеген нысанына әсер еткенін, ұйымның Газа секторындағы жұмыс жүргізу мүмкіндігін әлсіреткенін және онсыз да күйреу алдында тұрған денсаулық сақтау жүйесін одан әрі құлдыратқанын атап өтті.
«ДДСҰ-ның Дейр-Белахтағы негізгі қоймасы көшіру аймағының ішінде орналасқан және кеше жасалған шабуыл кезінде болған жарылыс пен өрт салдарынан қойма зақымданды», – деді ол.
«ДДСҰ мүше мемлекеттерге Газаға үнемі және тұрақты түрде медициналық көмек жеткізілуін қамтамасыз ету үшін шұғыл үндеу жолдайды», – деп мәлімдеді және ұйым жұмысының үзілуі Газа секторындағы бүкіл денсаулық сақтау ісіне үлкен соққы болғанын айтты. «Бітім - кешіккен шара», – деп қосты ол.