Түрік құрлық көлік өндірушісі «Katmerciler» осы апта Стамбулда өтетін Халықаралық қорғаныс өнеркәсібі жәрмеңкесінде (IDEF 2025) жеңіл тактикалық көлік «EREN» 4x4 үшін Малайзиямен келісімге қол қоятынын хабарлады.
«Katmerciler» IDEF 2025 жәрмеңкесіне «HIZIR», қашықтан басқарылатын қару платформасы және бақылау жүйесімен («UKAP») жабдықталған Түркиядағы жалғыз «O-IKA 2» жүргізушісіз құрлық көлігінің арнайы нұсқасымен қатысады.
«HIZIR» - төзімді сауытты, V типті монокок корпусты және энергияны сіңіретін орындықтардың арқасында миналар мен қолдан жасалған жарылғыш құрылғылардан қорғайды. Бұл көлік далалық және қалалық қақтығыстарда жоғары нәтиже көрсететін 400 ат күші бар қозғалтқышпен жабдықталған. Қашықтан басқарылатын қару жүйесі қозғалыстағы нысандарды дәл көздей алады.
«HIZIR»-ды тоғыз адам тасымалдай алады. Ол сағатына 120 километр жылдамдыққа дейін жетеді және 70 пайыздық өрмелеу қабілетімен жұмыс істей алады.
Сондай-ақ «Katmerciler» компаниясының алғашқы жүргізушісіз құрлық көлігі концептісі «UKAP» «Katmerciler» мен «Aselsan» сынды екі түрік қорғаныс өнеркәсібі компаниясының технологияларын біріктіреді. Ол «Aselsan»-ның қашықтан басқарылатын «SARP» қару жүйесімен және спутник байланыс жүйесімен жабдықталған.
«UKAP» 60 пайыздық өрмелеу қабілетіне және 40 пайыздық жанама көлбеу еңіспен қозғалу мүмкіндігіне ие. Ол 900 миллиметрлік төмпешікті еңсеріп, 400 миллиметрлік тік кедергіден өтіп, 1 метрикалық тоннаға дейін жүк тасымалдай алады.
Термал және қозғалысқа сезімтал камералары әрі түрлі сенсорлармен жабдықталған «UKAP» платформасы кең ауқымды функцияларды атқара алады: шекараны күзету және барлау құралы ретінде қызмет ету, миналарды залалсыздандыру тапсырмаларын орындау, жүк, оқ-дәрі мен құрал-жабдық тасымалдау, қажет болған жағдайда ауыр техникаларды сүйреу. Сондай-ақ оны қақтығыс аймақтарынан жараланған әскери қызметкерлерді эвакуациялау үшін оқ өткізбейтін бөлімі бар құтқарушы көлік ретінде қолдануға болады.
«Katmerciler» компаниясының атқарушы кеңесінің төраға орынбасары Фуркан Катмерджи Анадолы агенттігіне берген сұхбатында компания IDEF 2025 көрмесі кезінде Малайзияның «DEFTECH» компаниясымен «EREN» 4×4 әскери көлігіне қатысты жаңа ынтымақтастық келісімін ресми түрде бекітетінін және екі компанияның бас директорлары қол қою рәсіміне қатысатынын мәлімдеді.