Газадағы үкіметтік БАҚ кеңсесінің мәліметінше, 2023 жылдың 7 қазанынан бері Газада 232 журналист қаза тапқан.
Кеңсенің мәлімдемесінде «Газада геноцид соғыс басталғаннан бері қаза тапқан журналистер саны фототілші Адем Абу Харбидтің өлімімен бірге 232-ге жетті»,- делінген.
Бірнеше бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген палестиналық фототілші Адем Абу Харбид Израильдің Газаға жасаған әуе шабуылы кезінде қаза тапты.
Анадолы агенттігі сілтеме жасаған медициналық дереккөздің мәліметінше, Абу Харбид Израильдің Әл-Йермук базары маңындағы шатырды нысанаға алған шабуылы кезінде үш туысымен бірге көз жұмған. Шабуыл кезінде оның әйелі мен балалары да жараланған.
БАҚ кеңсесі Израильдің журналистерді жүйелі түрде нысанаға алуын қатаң айыптап, халықаралық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарын бұл жағдайға наразылық білдіруге шақырды.
Мәлімдемеде «Бұл жабайы әрі адамгершілікке жат қылмыстың жауапкершілігі Израильге, АҚШ үкіметіне және геноцидке қолдау білдірген Ұлыбритания, Германия, Франция секілді елдерге тиесілі»,- делінген.
Израиль шабуылдарынан 59 500-ден астам палестиналық қаза тапты. Олардың көпшілігі әйелдер мен балалар.
Геноцид кезінде Израиль блокадаға алынған аумақтың көп бөлігін қиратып, бүкіл халықты көшірді.
Өткен қарашада Халықаралық қылмыстық сот Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху мен бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галлантты Газадағы соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстары үшін қамауға алуға ордер шығарды.
Израиль Палестинаға жүргізген аяусыз соғысы үшін Халықаралық сотта геноцид ісімен бетпе-бет келуде.