Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фидан мен Ұлттық Қорғаныс министрі Яшар Гүлер екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту және аймақтық бейбітшілік үшін екіжақты ынтымақтастықты тереңдету мақсатында 9 шілде күні Пәкістанға барады.
Сыртқы істер министрлігінің ақпарат көздері «Түркия делегациясы Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф, премьер-министрдің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Исхак Дар және армия қолбасшысы фельдмаршал Сайед Асим Мунирмен келіссөздер өткізеді»,- деп хабарлады.
Түркия мен Пәкістан экономика, сауда және қорғаныс салаларында тығыз қарым-қатынаста. Бұл жоғары деңгейдегі сапар қауіпсіздік және лаңкестікпен күрес салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтады.
Анкара мен Исламабад терроризм тудырған мәселелер аясында өңірлік тұрақтылыққа қатысты ортақ стратегиялық мүдделерге ие. Сондай-ақ екі ел Палестина мәселесіне қатысты ортақ пікірде.
Түркия мен Пәкістан 2025 жылдың ақпан айында Исламабадта өткен Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысынан кейінгі ілгерілеушілікті талдайды. Сондай-ақ 2026 жылы Түркияда өткізілуі жоспарланған келесі отырысқа дайындықты талқылайды.
Мамыр айында 31 бейбіт тұрғынның өмірін қиған Үндістанның әуе шабуылын алғаш айыптаған ел Түркия болды. Анкара аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауға деген ынтасын бірнеше рет қайталады.
Сапар барысында түрік делегациясы қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты нығайту шараларын талқылайды. Екі ел Ауғанстандағы тұрақсыздықты аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа тікелей қауіп ретінде қарастыруда.
Пәкістан Түркияның FETÖ, PKK және ДАИШ сияқты террористік ұйымдармен күресін қолдайды. 2023 жылғы есеп бойынша, Түркия - Пәкістанның ең үлкен екінші қару жеткізушісі. Анкара 2023 жылы 21 миллион доллар көлемінде қару-жарақ пен оқ-дәрі экспорттап, Исламабадтың жалпы қару-жарақ қажеттілігінің 11 пайызын қанағаттандырды.
Фидан 2024 жылдың 18-20 мамырында алғаш рет ресми сапармен Пәкістанға барған болатын. Соңғы рет 21-22 маусымда Стамбулда өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 51-ші отырысында Пәкістан Сыртқы істер министрі Дармен кездесті.
Екі ел арасындағы байланыс 2009 жылы құрылған Жоғары деңгейдегі ынтымақтастық кеңесі арқылы нығая түсті.
Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі кездесулері екіжақты қарым-қатынастарды жан-жақты талқылап, дамыту үшін маңызды мүмкіндік.
Екі ел арасындағы тауар айналымы 1 миллиард доллар шамасында. 2024 жылы сауда көлемі 1,3 миллиард долларға жетті, Түркияның экспорты 918 миллион, импорты 440 миллион долларды құрады.
Түркияның Пәкістанға салған жалпы инвестициясы 2 миллиард доллар шамасында. Түркияның мердігерлік компаниялары Пәкістанда жалпы құны шамамен 3,5 миллиард долларды құрайтын 72 жобаны қолға алды.
Екі ел арасындағы энергетика және маңызды пайдалы қазбалар саласындағы ынтымақтастықты дамыту бастамалары жалғасуда. Түрік мұнай корпорациясы мен Пәкістанның үш ұлттық мұнай компаниясы арасында 2025 жылдың сәуір айында қол қойылған Бірлескен ұсыныс келісімі мұнай және газ барлау жұмыстарын бірлесіп жүргізуге мүмкіндік беретін маңызды қадам болды.