“The Lancet” журналында жексенбі күні жарияланған жаңа зерттеуге сәйкес, пластикпен ластану жыл сайын денсаулыққа байланысты 1,5 триллион доллардан аса шығынға себеп болуда және алдағы жаһандық келіссөздер қарсаңында бұл жағдай адамзат пен қоршаған ортаға төнетін қауіптің күшейіп келе жатқанын көрсетіп отыр.
Жексенбі күні жарияланған зерттеуде пластикпен ластану адам өмірінің барлық кезеңінде ауру мен өлім қаупін арттырып, денсаулыққа байланысты жыл сайын триллион доллардан астам шығынға себеп болып отырғаны көрсетілген.
Зерттеушілер: «Әлем бүгін пластик дағдарысының ортасында. Бірақ бұл өзгертуге келмейтін жағдай емес», – дей келе, бұған дейін ауа сапасын жақсарту және қорғасынмен улануға қарсы күресте қолданылған тәсілдерге ұқсас ғылыми дәлелдерге негізделген әрі шығын тұрғысынан тиімді саяси шараларды, соның ішінде реттеулерді, бақылау тетіктерін және қаржылық ынталандыруларды қабылдауға шақырады.
Бұл қорытындылар Біріккен Ұлттар Ұйымының пластик ластануын шектеуге бағытталған жаңа халықаралық келісімді әзірлеуге байланысты Женевада қайта басталған келіссөздер қарсаңында жарияланды.
Зерттеу барысында авторлар пластик өндірісінің жылдам артып келе жатқанына назар аударған. 1950 жылы әлемде 2 миллион тонна ғана пластик өндірілсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 475 миллион тоннаға жеткен. Болжам бойынша, 2060 жылға қарай өндіріс көлемі 1,2 миллиард тоннаға дейін артуы мүмкін.
Қазіргі таңда жер бетінде жиналған пластик қалдықтарының жалпы көлемі 8 миллиард тоннаға жеткен. Олардың басым бөлігі табиғи жолмен ыдырамайды және ұзақ уақыт бойы экожүйелерде сақталып қалады. Бұл қалдықтардың тек 10 пайызынан азы ғана қайта өңделеді.
Аталған баяндама осы аптада Женевада өтіп жатқан Үкіметаралық Келіссөздер Комитетінің (INC-5.2) бесінші отырысының екінші кезеңімен қатар ұсынылды. 5–14 тамыз аралығында 170-тен астам елдің өкілі пластик ластануын азайтуға бағытталған міндетті халықаралық келісімге қол жеткізу үшін келіссөздер жүргізуде.