Сирия Президенті Ахмед Шара Сирияны қалпына келтірудің маңызды құралы ретінде қызмет ететін Сирия Даму Қорын іске қосты.
Бұл туралы бейсенбі күні Дамаск қаласында өткен қордың ашылу салтанатында Сирияның Араб Жаңалықтар Агенттігі (SANA) хабарлады.
«Біз бүгін Сирия Даму Қорының іске қосылғанын жариялау үшін жиналдық. Осы қор арқылы сіздерді жомарт қаражаттарыңызды бұрынғы режим қиратқан елді қайта құруға және олар өртеп жіберген жерлерді жасыл әрі гүлденген мемлекетке айналдыруға шақырамыз», – деді әл-Шара өз сөзінде.
Президент «Бұрынғы режим біздің экономикамызды құртты, қаржымызды тонады, үйлерімізді қиратты және халқымызды лагерьлер мен босқын орталықтарына қоныс аударуға мәжбүр етті. Біз бүгін осында сүйікті Сирияның жараларын емдеп, оны халқымыздың көмегімен қайта құру және босқындар мен қоныс аударғандарды өз жеріне қайтару үшін жиналдық» деді.
Шара қордың өте ашық болатынын және стратегиялық жобаларға жұмсалған барлық қаражаттың жария етілетінін айтты.
“Қор іске қосылғаннан бірнеше минут өткен соң, қайырымдылық қаражат 30 миллион доллардан асты”, деп хабарлады “SANA” тілшісі.
Кейінірек мемлекеттік “Alikhbariya TV” телеарнасы хабарлағандай, жарияланымнан бір сағат өткен соң қайырымдылық қаражат 60 миллион доллардан асты.
Сирияны 25 жылға жуық басқарған Башар әл-Асад 2024 жылдың желтоқсан айында Ресейге қашып, 1963 жылдан бері билікте болған Баас партиясының режимі аяқталған болатын.
Қаңтар айында Шара басқаратын жаңа уақытша әкімшілік құрылған еді.