СТАМБУЛ
Ислам күнтізбесінің соңғы айы Зүлхижжа айының бірнеше күні өтті. Бұл ай мұсылмандар үшін ең қасиетті он күнді қамтиды. Миллионнан астам мұсылман Сауд Арабиясында қажылық жасау үшін жиналды. Биыл, әлхамдулиллаһ (Аллаға шүкір), мен де солардың қатарында боламын.
Мен 33 жасқа толып отырмын, бұл ислам дәстүрінде маңызды жас болып саналады, себебі жәннаттағы адамдардың жасы деп айтылады. Стамбулда қажылыққа дайындалып жатып мен әртүрлі сезімді бастан кешірудемін. Көптеген мұсылман бұл сапарды өмірінің кейінгі кезеңдеріне қалдырады, сондықтан бұл жаста қажылыққа бару ерекше мәртебе. Мен өзімді құрметті, разы және аздап қобалжулы сезінемін.
Әлемнің түкпір-түкпірінен келген мұсылмандармен бірге жүретінімді білу – ерекше қуаныш. Біз тіл мен мәдениеттің түрлілігіне қарамастан бірге намаз оқимыз, иық тіресіп Аллаға деген сүйіспеншілікте бірігеміз. Бірақ сонымен қатар «Мен осындай қасиетті сапарға лайықты бола аламын ба?» деген қобалжу да бар.
Қажылық тек рәсім емес. Бұл – өзгеріс.
Бұл өмірдің терең мақсатын еске салады: не үшін жаратылдық және қайда ораламыз? Бұл жеке тәжірибе болғанымен, толығымен ұжымдық сипатқа ие. Бір жағынан, бұл – Алланың бізге өмірді жалғыз жүріп өтпеуіміз керек екенін еске салуы.
Әр қадамда, физикалық, рухани және эмоционалдық, қажылық бізге жүрекпен ғана емес, денемен де, қауымдастықпен де құлшылық етуге арналған толыққанды жаратылыс екенімізді үйретеді.
Сапарға дайындық барысында мен әртүрлі деңгейде дайындалуға тырыстым: әр рәсімнің логистикасын зерттеп, олардың мағынасын ой елегінен өткізіп, олардың терең символизмін түсінуге тырыстым. Бұрын өзімді ұқыпты студент деп мақтан тұтқан адам ретінде бұл жолы бәрін "дұрыс" жасағым келеді, бірақ бұл жолы мыңыздысы «баға емес», шынайылық маңызды.
Мейлі сіз қажылық жасаған болсаңыз, оны армандасаңыз немесе оны жеке көзқараспен түсінгіңіз келсе де осы ойлар арқылы мен сіздерді өзіммен бірге алып жүруге үміттенемін,
Арафаттан бастайық
Мұсылмандар "Қажылық – Арафат" деп жиі айтады. Бұл қандай мағынаға келеді?
Арафат – Мекке қаласының сыртындағы кең жазық. Зүлхижжа айының 9-күні барлық қажылар "уқуф" – ғибадатта тұру үшін жиналады. Түскі уақыттан күн батқанға дейін біз тек тұрып, дұға етеміз. Ешқандай күрделі рәсімдері жоқ. Ешқандай салтанатты шарасы да жоқ. Тек миллиондаған адам үнсіз немесе жылап тұрып Аллаға тіл қатады.
Бұл жер Адам пайғамбар (адамзаттың атасы) Хауа анамен қайта қауышып, кешірім сұраған дұғалары қабыл болған жер деп айтылады. Адамзаттың жер бетіндегі сапары сол жеде басталған.
Арафаттың мәні осында: тәубе, кішіпейілділік және құдайдың кешірімімен белгіленген адам өмірінің бастауы.
Сондықтан бұл күн әр қажы үшін өте маңызды.
Ауыр жүк: Дұғаларды алып жүру
Мен орамалдарымды, ыңғайлы аяқкиімдерімді және абаяларымды (қажылық кезінде әйелдер киетін кең киім) жинап жатып, одан да қымбат нәрселерді алып жүремін: дұғаларды.
Бірақ бұл жолы тек менің дұғаларым емес.
Соңғы күндері достарым, көршілерім және туыстарым менімен қоштасуға келіп, әдемі дәстүрді орындады: маған өз дұғаларын сеніп тапсырды. Олар өз есімдерін, үміттерін және қиыншылықтарын сыбырлап айтып, менің Арафатта оларды еске алуымды сұрады.
Бұл тыныш дәстүр, бірақ сенім мен байланыс тұрғысынан ең терең қимылдардың бірі.
Олар бір нәрсені нақты сұрайды: "Арафатта менің атымды ұмытпаңызшы."
Олар үшін және мен үшін – бұл жай ғана өтініш емес. Бұл – құрмет. Және үлкен жауапкершілік.
Бұл жазбаны жазып жатып менің Арафатта тұруыма әлі бірнеше күн бар. Бірақ мен оның салмағын қазірдің өзінде сезініп отырмын.
Себебі ол жерде тұрған кезде, сіз тек өзіңіз үшін тұрмайсыз. Сіз өзіңіз жақсы көретіндер үшін, жолынан адасқандар үшін, бұл сапарға келе алмаған, бірақ дұғалары сіздің дұғаларыңызға қосылған адамдар үшін тұрасыз.
Арафат – біз бәріміз Алланың алдында тұрып, өміріміз үшін есеп беретін сол соңғы күннің дайындық кезеңі.
Бірақ сол күннен айырмашылығы, бұл күн үмітке толы. Арафатта сіз бен Жаратушыңыздың арасында ешқандай кедергі жоқ. Ал Алла шын жүректен сұрағандарды кешіруге уәде береді.
Сондықтан мен сұраймын.
Өзім үшін.
Жақындарым үшін.
Құлағыма сыбырлап айтылған барлық есімдер үшін.