Үндістан бейсенбі күнгі мәлімдемесінде Ресейден өз азаматтарын әскерге шақыруды тоқтатуды және Украинадағы соғыс кезінде әскерге алынғандардың босатылуын талап ететінін айтты.
Бұл мәлімдеме үнді БАҚ-та барған сайын көбірек үнді азаматының Украинада соғысу үшін Ресей армиясына қосылғаны туралы хабарлардан кейін жасалды.
Үндістан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Рандхир Джайсвал үкіметтің өткен жылдан бері мұндай әрекеттердің тәуекелдері мен қауіптері жөнінде ескертіп келгенін және азаматтарын абай болуға шақырғанын жеткізді.
Джайсвал бейсенбі күнгі мәлімдемесінде:
«Бұл мәселені Жаңа Делиде де, Мәскеуде де ресейлік ресми тұлғалармен талқыладық, бұл әрекетті тоқтатуды және азаматтарымызды босатуды талап еттік», – деді.
Министрлік: «Барлық үнді азаматтарын Ресей армиясына қосылудан аулақ болуға шақырамыз, өйткені бұл – қауіпті жол», – деп ескерту жасады.
Көптеген үнді хабарсыз кеткен
Биыл шілде айында Үндістан парламентіне Ресей қарулы күштерінде 127 үнді азаматының бар екені, олардың 98-інің қызметі Үндістан мен Ресей үкіметтері арасындағы тұрақты байланыс нәтижесінде тоқтатылғаны туралы ақпарат берілді.
Министрлік Ресей қарулы күштерінде қалған 13 үнді азаматының 12-сін Ресейдің өзі «жоғалып кеткен» деп жариялағанын айтты.
Биыл наурыз айында Үндістан үкіметі жалғасып жатқан қақтығыстар кезінде 12 үнді азаматының қаза тапқанын растаған болатын.
Ресей бұған дейін үнді азаматтарының әскерге алынбайтынына сендіргенімен, мұндай жағдайлар әлі де болуда. 2022 жылы ақпан айында басталған соғыста көптеген үнді алданып, майданға жіберіліп, кейбірі қаза тапты.