Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының 17-ші саммиті аймақтық ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа мақсаттар қойды.
Әзербайжанның Ханкенди қаласында өткен бұл саммитте бірлескен мәлімдеме қабылданып, Әзербайжанның азат етілген Қарабақ пен Шығыс Зангезур экономикалық аймақтарында жүргізіп жатқан ауқымды қайта құру және даму жұмыстары жоғары бағаланды.
Мәлімдемеде «Стамбул декларациясы және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Сыртқы істер министрлер кеңесінің 51-ші сессиясында қабылданған шешімге» сілтеме жасалып, күштеп көшірілген жүздеген мың әзербайжандықтың жағдайы атап өтілді. Сондай-ақ олардың өз туған жерлеріне бейбіт, қауіпсіз түрде оралу құқығы қайталап айтылды.
Саммитте ЭЫҰ мүшелері экономикалық тұрақтылық пен климатқа бейімделуді болашақ күн тәртібінің орталығына қоюға келісті. Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздерін арттыру, климатқа қолайлы ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару және биоәртүрлілікті сақтау сияқты мәселелер бойынша бірлескен қадам басу қажеттігі айтылды.
Әйел көшбасшылардың, әсіресе Әзербайжанның бірінші вице-президенті Мехрибан Алиева мен Түркияның бірінші ханымы Емине Ердоғанның экологиялық бастамалары, соның ішінде «Нөлдік қалдық» бастамасына жоғары баға берілді.
Мәлімдемеде мүше елдер Әзербайжанды БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясын (COP29) сәтті өткізуімен құттықтады, Түркияның 2026 жылы COP31-ді өткізуге кандидатурасы қолдау тапты.
Сонымен қатар «ЭЫҰ Инвестициялары», Сауда-өнеркәсіп палаталары кеңесі, бірыңғай ақпараттық кеңістік құру және ЭЫҰ Сауда және Даму Банкі мандатын нығайту сияқты бастамалар бекітілді.
Мәлімдемеде жасанды интеллект, блокчейн, ғарыштық технологиялар және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты арттыру жоспарланып, ЭЫҰ Жасанды Интеллект Орталығы сияқты құрылымдарды нығайту қажеттігі атап өтілді.
Газа мен Ирандағы жағдайларға қатысты алаңдаушылық
Саммит мәлімдемесінде Газа, Израиль-Иран қақтығысы және Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленістерге қатысты мәселелер қарастырылды. Газа аймағындағы жағдайдың нашарлауына алаңдаушылық білдіріліп, атысты шұғыл және түбегейлі тоқтату, сондай-ақ шектеусіз гуманитарлық қолжетімділік қамтамасыз етуге шақыру тасталды.
Сонымен қатар Израильдің Иранға қарсы соңғы шабуылдарына алаңдаушылық білдіріліп, халықаралық құқықты құрметтеу және келіспеушіліктерді диалог арқылы шешу қажеттігі айтылды. Бейбіт тұрғындардың зардап шегуі ерекше атап өтілді.
Мәлімдемеде Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленістердің күшеюіне алаңдаушылық білдіріліп, Пәкістанға қолдау көрсетілді және екі тарапқа да дипломатиялық шешімдер іздеуге шақыру тасталды.
Мәлімдемеде сонымен бірге ЭЫҰ-ның 18-ші саммиті 2027 жылы Иранда өтуіне шешім берілді.