Сирия Ішкі істер министрлігі Дамаск қаласының маңында YPG/PKK (Сирия Демократиялық Күштері) бақылауындағы аймақтарға жеткізілуі мақсат етілген қару-жарақ пен оқ-дәрі тиелген жүктің қолға түскенін хабарлады.
Министрлік сәрсенбі күні жасаған ресми мәлімдемесінде Ішкі қауіпсіздік басқармасы мұқият жоспарланған операция жүргізіп, RPG граната атқыштары, орта және жеңіл қаруларды қоса алғандағы түрлі қару-жараққа қол жеткізгенін, жүктің жүргізушісінің де тұтқындалғанын мәлімдеді.
Мәлімдемеде: «Оқиғаға қатысы бар барлық тарапты анықтау, сотқа жеткізу және заң аясында шара қолдану үшін тергеу басталды», – делінді.
Министрлік Сирия қауіпсіздік күштерінің елді тұрақсыздандыруға бағытталған кез келген әрекетке қарсы әрдайым дайын екенін атап өтіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ұлттық егемендікті қорғаудағы табандылығын тағы бір мәрте растады.
Террористік топпен қақтығыстар
Аталған операция Сирия үкімет күштері мен PKK/YPG террористері арасындағы жалғасып жатқан қақтығыстардың ортасында өтті.
Мемлекеттік ақпарат агенттігі “SANA” таратқан мәліметке сәйкес, Сирия армиясы жексенбі күні Халептің шығысындағы Тал Мааз ауылына жақын маңда армия бекіністеріне жасырын кірмек болған топқа тосыннан шабуыл жасап, қақтығыс кезінде террористер арасында шығын болған.
“SANA”-ның бір үкіметтік дереккөзге сүйенген ақпаратына қарағанда Ум Тина ауылы мен Дейр Хафир қаласында орналасқан PKK/YPG жасақтары қоршауда қалған мүшелерін құтқару мақсатында Тал Мааздағы Сирия армиясы бекіністерін атқылаған. Жеңіл қарудан басталған атыс кейін ауыр қару мен қосымша әскердің қатысуымен күшейген.
Бұл шиеленіс Сирия Президенті Ахмед Әл- Шара мен PKK/YPG жетекшісі Ферхад Абди Шахин арасындағы келісімнен кейін туындады. Келісімге сәйкес шекара бекеттері, әуежайлар мен энергетикалық инфрақұрылымды қоса алғанда Сирияның солтүстік-шығысындағы азаматтық және әскери мекемелер мемлекеттік билік қарамағында болуы тиіс еді. Алайда министрлік PKK/YPG-нің бұл келісімді бірнеше рет бұзғанын хабарлады.
24 жыл билікте болған бұрынғы режим басшысы Башар Асад 2024 жылғы 8 желтоқсанда биліктен шеттетілген соң Сирия үкіметі ел аумағында қауіпсіздікті қалпына келтіру шараларын күшейткен болатын.