Венесуэла Президенті Николас Мадуро АҚШ-пен арадағы келіспеушіліктер әскери қақтығысқа себеп болмауы тиіс екенін мәлімдеді. Бұл мәлімдеме АҚШ Президенті Дональд Трамптың Венесуэла ұшақтары АҚШ күштеріне қауіп төндірсе, оларды атып түсіру туралы ескертуінен кейін жасалды.
«Арамыздағы келіспеушіліктер ешқашан әскери қақтығысқа әкелмеуі керек», – деді Мадуро жұма күні елдің барлық радио және теледидар желілері арқылы таратылған хабарламасында.
Бұл мәлімдеме Трамптың Венесуэлада есірткі картельдеріне қарсы соққы беру мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтқаннан кейін жасалды. Бұндай қадам екі ел арасында елеулі шиеленіске жол ашуы мүмкін.
“CNN” бірнеше дереккөздерге сілтеме жасап, есірткі тасымалдаушы қайыққа жасалған соңғы соққы осы жоспарлардың бір бөлігі екенін хабарлады.
Дереккөздер “CNN-ге” бұл соққы есірткімен күрес және Мадуроны биліктен кетіру мақсатындағы үлкен әрекеттің бастамасы екенін айтты.
Жұма күні Трамптан АҚШ-тың Венесуэлада «режимді ауыстыру» әрекетін жүргізіп жатқан-жатпағаны сұралғанда, ол бұл сұраққа жауап беруден бас тартып, Венесуэлада өткен сайлауға назар аударды.
«Біз бұл туралы айтпаймыз, бірақ біз сіздерде өте ерекше сайлау болғанын айтып отырмыз, жұмсақ түрде айтқанда», – деді Трамп журналистерге.
Сонымен қатар “CBS News" жариялаған басқа есепте Венесуэла әскери ұшақтары АҚШ Әскери-теңіз күштерінің кемесінің үстінен екінші рет ұшып өткені айтылды.