Біріккен Ұлттар Ұйымы наурыз айында атысты тоқтату шарасы аяқталғаннан бері Газа секторында 700 000-нан астам адамның Израильдің жалғасып жатқан геноциді мен заңсыз эвакуация бұйрықтарына байланысты өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болғанын ескертті.
БҰҰ өкілі Стефан Дюжаррик дүйсенбі күні Нью-Йоркте журналистерге берген мәлімдемесінде «Кеше Израиль билігі екі күн ішінде екі рет Хан Юнус қаласының кейбір аудандарын эвакуациялау туралы бұйрық шығарды. Әріптестеріміз эвакуация жоспарланған аймақта 50 000-нан астам халық бар екенін айтты», - деді.
«Газада 700 000-нан астам адам босқынға ұшырады және олардың көпшілігі бірнеше рет қоныс аударуға мәжбүр болды. Олар паналайтын қауіпсіз жері қалмады», - деп қосты ол.
Cонымен қатар Дюжаррик демалыс күндері кейбір палестиналықтардың азық-түлік көмегін алмақ болған кезде қаза тапқанын хабарлады. Сондай-ақ ол ауруханалардың зардап шеккендерге толы екенін атап өтті.
Дюжаррик «Біз барлық бейбіт тұрғындардың өлтірілуін ашық түрде айыптаймыз» деп Газадағы әрбір үшінші адамның бірнеше күн бойы тамақ ішпегені және аштықтан өлу қаупі төніп тұрғаны айтылған Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәлімдемесіне сілтеме жасады.
БҰҰ Газаға гуманитарлық көмек жеткізілуі үшін Израильді барлық өткелдерді ашуға шақырды.
Дюжаррик: «Израиль билігі төрт айдан бері Газаға жанармай кіргізуге рұқсат бермей отыр. Жанармай - Газа үшін тіршілік көзі. Израиль билігі жанармайдың жеткізілуіне рұқсат беруі тиіс», - деді.
Ол жанармай тапшылығы салдарынан аймақтың жақын арада толық интернетсіз қалу қаупі бар екенін де ескертті.
БҰҰ дерегінше, жексенбі күні жоспарланған сегіз гуманитарлық көмек үйлестіру миссиясының тек үшеуі ғана Израиль билігі тарапынан мақұлданған. Бұл шектеу гуманитарлық көмек көрсету жұмыстарын едәуір қиындатуда.
Газадағы Израиль геноциді
Израиль 2023 жылдың қазан айынан бері Газа секторында геноцид жүргізіп келеді. Палестиналық дереккөздер 57 500-ден астам палестиналықтың қаза тапқанын, олардың басым бөлігі әйелдер мен балалар екенін хабарлады.
Палестинаның «WAFA» ресми ақпарат агенттігінің мәліметінше, шамамен 11 000 палестиналық үйінділер астында қалған.
Алайда сарапшылар нақты өлім саны Газа билігі жариялаған көрсеткіштен әлдеқайда жоғары болуы мүмкін дейді. Бұл көрсеткіш 200 000-ға жуық деген болжам бар.
Вашингтон көп жылдан бергі одақтасы Израильге жыл сайын 3,8 миллиард доллар көлемінде әскери көмек көрсетіп келеді.
2023 жылдың қазан айынан бері АҚШ Газадағы Израиль геноцидін және көршілес елдердегі соғыстарды қолдау үшін 22 миллиард доллардан астам қаржы жұмсаған.
АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктері Газадағы бейбіт тұрғындардың жаппай қырылуын сынға алғанымен, Вашингтон қару-жарақ жеткізуге байланысты үндеулерге әлі де қарсы.