Тынық мұхитында цунами дабылы тоқтап, Ресейдің Камчатка түбегіндегі күшті жер сілкінісінен кейін жағалаудағы аудандардан эвакуацияланған миллиондаған адам үйлеріне қайта бастады.
1900 жылдан бергі ең күшті жер сілкіністерінің бірі болған 8,8 баллдық жер сілкінісі Жапония, АҚШ және Эквадорды қоса алғанда оннан астам елде цунами дабылының қосылуына себеп болды. Кейбір аймақтарда толқындардың биіктігі төрт метрге дейін жетеді деген болжамнан кейін үлкен кедергілер туындады.
Перу Тынық мұхитындағы порттарының жартысынан көбін жапты. Гавайидің Мауи аралына рейстер тоқтатылды. Сәрсенбі күні кешке апат қаупі сейіліп, бірнеше ел апат дабылын тоқтата бастады.
Жапонияда дабыл тоқтамай тұрып, екі миллионға жуық адамға биік жерлерге шығу керектігі айтылды. 2011 жылы цунамиден қираған Фукусима атом электр станциясы сақтық шаралары аясында қысқа уақытқа эвакуацияланды. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, қашуға тырысып, көлігімен жартастан құлаған әйел Жапониядағы жалғыз адам шығыны болған.
Чили Ішкі істер министрлігі ел тарихындағы «ең үлкен эвакуация» деп сипаттаған операцияда жағалау аймағынан 1,4 миллион адамды көшірген. Кейін билік өкілдері зардап шеккендер мен қираудың болмағанын, толқынның бар болғаны 60 сантиметрге жеткенін хабарлады.
Эквадордың Галапагос аралдарында теңіз бір метрге ғана көтерілген. Зардап шеккендер жоқ. «Бәрі жақсы, мен жұмысқа қайта ораламын», - деді Санта-Крус тұрғыны Изабель Грижалва. Туристер экскурсия қайықтарынан эвакуацияланды, зардап шеккен аудандардағы мектептер жабылды.
Ең көп зардап шеккен ел - Ресей
Цунамидің әсері Ресейде қатты байқалды. Цунами толқыны Северо-Курильск қаласын шайып өтіп, жергілікті балық өңдеу зауытын су басқан. Ресей мемлекеттік телеарнасы таратқан кадрларда ғимараттар мен жабдықтардың теңізге ағып жатқаны көрсетілген.
Жер сілкінісінің күші жойқын болса да Ресейдің Қиыр Шығысында аздаған шығын мен жеңіл жарақаттарға себеп болды. Ғалымдар жер сілкінісінен кейін Ключевской жанартауының атқылағанын хабарлады.
АҚШ-тың Геологиялық зерттеу басқармасының мәліметінше, бұл жер сілкінісі 1900 жылдан бері әлемде тіркелген ең күшті 10 жер сілкінісінің қатарына енді.