Палестиналық дәрігер Газа секторынан кетуден бас тартқан соң Израиль түрмесінде қаза тапты
Дәрігер Аднан әл-Бурштың өлімі және Израиль билігінің оның мәйітін беруден бас тартуы оны азаптап өлтірген болуы мүмкін деген алаңдаушылықты күшейтті.
Палестиналық дәрігер Газа секторынан кетуден бас тартқан соң Израиль түрмесінде қаза тапты
5 مارچ 2025

Осы айдың басында соғыстан күйреген және азап шеккен палестиналықтар тағы бір қайғылы хабарды естіді: бомбалардың астында қалғанына қарамастан Газада жараланғандарды емдеуді жалғастырған белгілі медицина қызметкері дәрігер Аднан әл-Бурш Израиль әскері тұтқында ұстаған кезде қайтыс болды.

Газадағы бомбалауға ұшыраған Әл-Шифа ауруханасының ортопедия бөлімінің жетекшісі болған Әл-Бурш Израильдің оккупацияланған Батыс Шерияда орналасқан Офер әскери түрмесінде көз жұмды. Бұл түрме палестиналықтарды адам төзгісіз жағдайларда ұстауымен танымал.

Бұрынғы қақтығыстар кезінде Газадағы ауруханаларда әл-Буршпен бірге жұмыс істеген ағылшын-палестиналық пластикалық және реконструктивті хирург Гассан Абу Ситта:
"Ол өлгенше ұрып-соғылған. Сол түрмеде бірге отырған бұрынғы тұтқындар оның беті мен басында ауыр соққы іздері болғанын айтты," – деп мәлімдеді.

Әл-Бурштың өлімі туралы ақпарат тек 2 мамырда Карам Абу Салем шекара өткелінде босатылған кейбір тұтқындардың бұл туралы палестиналық үкіметтік емес ұйымдарға хабарлауынан кейін ғана жария болды.

Израиль әскері оның 19 сәуірде қаза болғанын растай отырып, бұл жаңалықты кешіктіріп жеткізді.

Израиль билігі әл-Бурштың мәйітін беруден бас тартты, ал құқық қорғаушылар мұны Тель-Авив оның азаптау арқылы өлтірілгені туралы әлемнің білмеуін қалағанымен байланыстырып отыр.

Абу Ситта: "Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) оның өлім себебі анықталуы үшін және отбасы әділдікке қол жеткізуі үшін мәйітін қайтаруды талап етуі керек." деді.

Ол сондай-ақ "Қазіргі уақытта Израиль түрмелерінде 100 медицина қызметкерінің өміріне қауіп төніп тұр" деп атап өтті.

11 мамырда “CNN” зерттеуінде Израильдің тұтқындарға жасаған зорлық-зомбылығы туралы егжей-тегжейлі баяндалды. Онда Газа секторынан ұсталған палестиналықтардың қалай ұрып-соғылғаны, көздерінің байланғаны, кісендердің қолдарын жарақаттағаны, аяусыз тепкіленгені және жұдырықталғаны жайлы мәліметтер келтірілді.

Абу Ситта әл-Бурш пен тағы бір палестиндік дәрігер Ахмед Мұханнаның желтоқсан айында Израиль армиясы Газадағы Джабалия лагерінде орналасқан Әл-Ауда ауруханасына жасаған шабуыл кезінде "ұлттық қауіпсіздік" деген желеумен тұтқындалғанын айтты.

Содан бері әл-Бурштың Офер түрмесінде өлтірілгенін Израиль растағанға дейін олардың жағдайы туралы ешқандай ақпарат болған жоқ.

Абу Ситта “TRT World” арнасына Мұханнаның әлі де түрмеде екенін айтты:
"Адвокат жоқ, Қызыл Крест жоқ, ешқандай байланыс жоқ."

Ол сондай-ақ 7 қазаннан бері Израиль түрмелеріне қамалған палестиналықтардың ешқандай заңды өкілдігінің жоқтығын, сыртқы әлеммен байланыс орната алмайтынын және "ешқандай сот процесінің" болмағанын атап өтті.

Елемеу

Палестиналық екі тұтқын ұйымы 2 мамырда жасаған мәлімдемесінде Әл-Буршты қоса алғанда Газадан кемінде 18 палестиналықтың Израиль қамауында қаза тапқанын хабарлады.

Израиль түрмелерінде азаптаулардың қолданылғанын растайтын көптеген дәлел болғанына қарамастан Батыс әлемінің жетекшілері бұл мәселеде ешқандай шара қабылдауға асығар емес.

Осы уақытта АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Израильге қандай қару-жарақ жеткізілуі керектігін талқылаумен айналысып жатыр.

"Доктор Аднан Әл-Бурш пен басқалардың Израиль қамауында болған кездегі өліміне қатысты тәуелсіз тергеу жүргізу – әділдік пен жауапкершілік орнату үшін өте маңызды.

Израиль дәрігер Аднанның денесін лайықты жерлеу үшін оның отбасына тапсыруы керек," – дейді “Human Rights Watch (HRW)” ұйымының Израиль және Палестина жөніндегі зерттеушісі Милена Ансари.

“TRT World” арнасына берген сұхбатында Ансари "Жазасыздық адам құқықтарының одан әрі бұзылуына жол ашады; Израиль ондаған жыл бойы палестиналық тұтқындарға зорлық-зомбылық жасап, азаптады," – деді.

Ансари Әл-Бурштың өлімінің әскери қылмыс болып саналатынына нақты баға бермегенімен оның тобы палестиналық тұтқындарға жасалған азаптау мен қатыгездікті құжаттағанын атап өтті.

 Өлілерге қарсы соғыс

Израиль азаптау және қатыгездік туралы хабарламалардан бөлек палестиналық тұтқындардың мәйіттерін ұстап тұру саясатын жүргізуде.

Иерусалим заң көмегі және адам құқықтары орталығы (JLAC) 2019 жылы жариялаған есебінде Израиль заңдарының үкіметке палестиналықтардың мәйіттерін "кең ауқымды бас көтерулерге қарсы бағдарламаның бір бөлігі ретінде" қамауда ұстауға және оларды "потенциалды саудаласу құралы" ретінде пайдалануға мүмкіндік беретінін көрсетті.

"2017 жылы Израиль Жоғарғы соты үкіметтің мәйіттерді ұстап тұруға заңды негізі жоқ деген шешім шығарды. Алайда 2019 жылы HRW өкілі Ансаридің айтуынша сот керісінше шешім қабылдап, үкіметке ХАМАС-пен байланысы бар немесе израильдіктерді өлтірген не жаралаған адамдардың мәйіттерін ұстап тұруға рұқсат берді," – деді ол.

Алайда бұл саясат халықаралық гуманитарлық құқыққа тікелей қайшы келеді, өйткені ол "қаза болғандардың сүйектерін тиесілі тараптың талабы бойынша қайтаруға күш салу" міндеттемесін бұзады.

"Кінәсіз адамдардың отбасыларын әдейі және заңсыз түрде жазалау халықаралық гуманитарлық құқықтың тағы бір ауыр бұзылуы болып табылады және бұл ұжымдық жазаға жатады. Сондай-ақ бұл өлілердің отбасыларына жасалған қатыгез, адамгершілікке жат немесе ар-намысты қорлайтын әрекет болуы мүмкін, бұл халықаралық адам құқықтары заңнамасының бұзылуы," – деді ол.

Енді Аднан Әл-Бурштың отбасы да азаптауға ұшырауда.

"Қазіргі уақытқа дейін оның мәйітін ала алмадық және Алладан оны 'сандар зиратына' жерлемеуін немесе оңтүстікке тастамауын тілеймін. Мен оның солтүстікке қайтарылуын, онымен қоштасу мүмкіндігін және шейіт болар алдындағы соңғы сәттерін көргім келеді," – деді дәрігер Аднанның жары Үмму Язан Әл-Джазери “TRT World” арнасына берген сұхбатында.

Ол күйеуінің Израиль тарапынан азапталып өлтірілгеніне сенімді.

Бұрын "Аддамеер" палестиналық тұтқындар ұйымында жұмыс істеген Ансари Израиль бұл саясатты ондаған жыл бойы қолданып келе жатқанын және мәйіттердің көбінесе моргтарда сақталатынын немесе "нөмірлер зиратына" көмілетінін айтты.

"1990-жылдардан бері денесі сақталған тұтқындар бар," – деді ол.

"Бұл – қорқыту және бақылау жүйесінің бір бөлігі. Отбасыларды жазалау және өзгелерді үрейлендіру үшін жасалып отыр," – деп қосты Ансари.

Оның айтуынша Израиль билігі сондай-ақ адам құқықтарын бұзу туралы дәлелдерді жасыруды көздеуі мүмкін.

"Аддамеер" бұрын мәйіттерді сақтаудың соттан тыс өлім жазасының егжей-тегжейін ашуға көмектесетін тергеулерді қиындататынын хабарлаған болатын.

Әл-Бурштың өлімімен бірге соңғы жеті айда Израиль әскері 496 медицина қызметкерін өлтірді.

Газадағы Израиль шабуылдарында 34 000-нан астам палестиналық қаза тапты, олардың көпшілігі – әйелдер мен балалар.

Газада жаның жәннатта болсын!

Әл-Бурш Газанын солтүстігіндегі Джебалия қаласында дүниеге келген. Ол Румынияда медицина мамандығы бойынша білім алып, Англия мен Германия ауруханаларында тәжірибеден өтті.

"Ол шынымен өмірді сүйетін адам еді. Жұмысқа бармас бұрын теңізге шомылу үшін таң ерте тұратын. Қыста да суға түсетін. Өте жігерлі еді, әрдайым күлімсірейтін," – дейді Абу Ситта.

2023 жылдың 14 қарашасында Әл-Бурш Газадағы ең ірі медициналық мекеме  Әл-Шифа ауруханасынан жан түршігерлік видео жазба жіберді. Ол аурухананың жарықсыз және сусыз қалай жұмыс істеуге мәжбүр болғанын бүкіл әлемге көрсетті.

2024 жылдың 8 мамырында Әл-Буршты еске алу рәсімі оның ортопед-хирург ретінде білім алған Лондондағы “King's College” алдында өтті.

"Доктор Аднан Әл-Бурш палестиналықтардың тартқан азабының, сонымен қатар олардың табандылығы мен ерлігінің символы болды. Ол өмірін адамдарды емдеуге және олардың саулығын сақтауға арнады," – дейді атақты палестиналық-америкалық профессор Сами әл-Ариан.

“TRT World” арнасына берген сұхбатында профессор "Соғыс кезінде ол Газа ауруханасында ортопед-хирург ретінде жұмыс істеп жүргенде тұтқындалды" деп атап өтті.

Әл-Арианның айтуынша Әл-Бурш "палестиналықтардың өз құқықтарынан ешқашан бас тартпайтынын және тәуелсіздік алғанға дейін Израильдің қысымына қарсы тұра беретінін дәлелдеу үшін өмірін қиды".

Британ-палестиналық академик және сарапшы Камель Хаваш та "Ол тамаша дәрігер ғана емес, мен сөйлескен әр адамның айтуынша керемет жан еді" деп еске алды.

“TRT World” арнасына берген сұхбатында Хаваш "Бұл – Израильдің палестиналықтарды адам ретінде көрмейтінінің тағы бір дәлелі" деп мәлімдеді.

Сондай-ақ, Израильдің Әл-Бурштың денесін отбасына қайтарудан бас тартуы палестиналықтардан "кек алу әрекеті" екенін айтты. Хаваш бір күні Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху мен басқа да израильдік басшылардың палестиналықтарға жасаған қылмыстары үшін Гаагадағы халықаралық сотта әскери қылмыскер ретінде жауап беретініне сенетінін білдірді.

Израильдің түсінбейтіні – барлық қудалауға қарамастан Газа халқы өз жерін тастап кетпейді. Әл-Бурштың өмірі – осының дәлелі.

"Ол Германия, Иордания және Англияда білім алғандықтан әлемнің кез келген жерінде оңай жұмыс таба алатын еді. Бірақ 2021 жылғы соғыс кезінде оған "Қайтып келгеніңізге өкінесіз бе?" деп сұрағанымда Әл-Бурш Газа жерінен басқа жерде өмір сүруді елестете де алмайтынын айтты" – дейді Ғассан Абу Ситта.

Іздеу
Австралияның оңтүстік-шығысында орман өрттері күшейіп, кең аумақтар жанып жатыр
Израильде әлеуметтік тұрғыда оқшауланған еврейлерді Иран қалай тыңшы ретінде тартты?
Қытайдың Африкадағы ықпалын бұзу күресінде Вашингтон қалай жеңілді?
2024: Газа, Украина және басқа аймақтардағы қақтығыстар жылы
Менің досым Айшенұр әділет пен Палестина бостандығы үшін батыл қорғаушы болды
Израильдің негізін қалаған сионистік лаңкестікке көзқарас
Корея соғысының 70 жылдығы: Оңтүстік Корея халқы әлі де құрметпен еске алатын түрік сарбаздары
Газада бітім: Әлсіз үміт
Израильдің геноцидтік соғысы мұсылмандардан кейін христиандарды да жалмауда
Голан жоталарының маңыздылығы және Израильдің бақылауға алу әрекеттері
Путин: «Егер Украина батыстан ядролық қару алса, Ресей қарудың барлық түрін пайдаланады»
Германия экономикасы неліктен құлдырауда?
Трамп-Нетаньяху қарым-қатынасында жаңа дәуір: адалдық пен шиеленіс
«Өлгім келді»: Асад түрмелерінен аман қалған тұтқын түрмедегі азаптауларды баяндады
Стармер Блэр дәуіріндегі саясатты жаңғыртып, Палестина тақырыбында британдықтардға опасыздық жасауда
TRT Global-ды көріп алыңыз. Өз пікіріңізбен бөлісіңіз!
Contact us