Жексенбі күні Нью-Йорктың Бруклин ауданындағы мейрамхана жабылуға дайындалып жатқан сәтте бір топ қарулы адам оқ атып, үш адамды өлтіріп, сегіз адамды жаралады.
Баспасөз мәслихатында Нью-Йорк полиция департаментінің комиссары Джессика Тиш “Crown Heights” ауданындағы “Taste of the City Lounge” мейрамханасындағы қарулы шабуыл туралы хабар шамамен сағат 03:30 түскенін мәлімдеді.
Қаза тапқандардың екеуі — 27 және 35 жастағы ер адамдар, ал үшінші кісінің жасы әзірге анықталған жоқ.
Жараланған сегіз адам жақын жердегі ауруханаларға жеткізілген, алайда билік өкілдері олардың жағдайы туралы мәлімет бермеді.
Джессика Тиш «бірнеше адамның» шабуыл жасағанын және олардың әлі ұсталмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол оқиға орнында «бірнеше қарудан» атылған кемінде 36 гильза табылғанын айтты.
«Қазір жасы 27 мен 61 аралығындағы сегізі ер адам және үш әйелмен бірге 11 жәбірленуші анықталды», – деді ол.
Полиция оқиғаға байланысты тергеу бастады.