Израиль әскері қоршаудағы Палестина халқына қарсы геноцидті күшейтіп, Газа қаласын қайтадан басып алуға бағытталған үздіксіз шабуылдаудың «жаңа бір кезеңіне» өткенін мәлімдеді.
Израиль армиясының баспасөз хатшысы Эффи Дефрин баспасөз мәслихатында: «Газа қаласына қарсы операцияның алғашқы кезеңін бастадық. Қазір әскеріміз Газа қаласының айналасын бақылауға алды»,- деді.
Дефрин армияның «Гидеонның соғыс көліктері» деген код атпен жүргізіліп жатқан құрлық операциясының екінші кезеңіне өткенін айтты. Ол: «Бүгінгі Хамас – операцияға дейінгі Хамас емес», - деді.
Дефриннің айтуынша, Бас штаб бастығы Эяль Замир резервтегі 60 мың әскерді шақырып, 20 мың әскердің қызмет мерзімін ұзартқан. Сонымен қатар Израиль әскері Газаның 75 пайызына «операциялық бақылау» орнатқанын алға тартты.
Күштеп көшіру
Премьер-министр Беньямин Нетаньяхудың соғыс кабинеті 8 тамыз күні Газа қаласынан бастап аймақтың кезең-кезеңімен қайтадан оккупациялануын көздейтін жоспарды мақұлдады.
Жоспар шамамен 1 миллион палестиналықты оңтүстікке күштеп көшіруді, қаланы қоршауға алуды және аймаққа құрлық шабуылдарын жасауды көздейді.
Израиль 11 тамыз күні Газа қаласының Зейтун ауданында ауқымды шабуыл бастады. Куәгерлердің айтуынша, жарылғыш зат орналастырылған роботтар арқылы үйлер қиратылып, артиллериядан атқылаған. Бейбіт тұрғындар жаппай қоныс аударуға мәжбүр болған.
Израиль геноциді
Израильдің Газаға жасаған шабуылдарында 62 мың палестиналық қаза тапты. Олардың басым көпшілігі әйелдер мен балалар.
Израиль шабуылдарын жалғастырып, Газа секторының көп бөлігін қирандыға айналдырды және бүкіл халықты көшірді.
Өткен қарашада Халықаралық қылмыстық сот Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху мен сол кездегі Қорғаныс министрі Йоав Галлантты Газадағы соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстары үшін қамауға алуға ордер шығарды.
Израиль Палестинаға жүргізген аяусыз соғысы үшін Халықаралық сотта геноцид ісімен бетпе-бет келуде.