Исламабад Украина президенті Владимир Зеленскийдің Пәкістан азаматтарының Ресей үшін Украинаға қарсы соғысып жатқаны туралы айыптауын жоққа шығарды.
Пәкістан Сыртқы істер министрлігі сейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде Пәкістан азаматтарының Украинадағы қақтығыстарға қатысқаны туралы «негізсіз және жалған» айыптауды жоққа шығарды.
Мәлімдемеде «Бүгінге дейін Украина билігі тарапынан Пәкістанға ресми өтініш түспеген және мұндай айыптауларды растайтын нақты дәлел ұсынылмаған» делінген.
Зеленский дүйсенбі күні «Украинаның солтүстік-шығысындағы әскери күштер әртүрлі елдерден соның ішінде Пәкістаннан келген шетелдік «жалдамалы әскерлермен» соғысып жатыр»,- деп мәлімдеді.
Зеленский Украинаның солтүстік-шығысындағы Вовчанск майданына барғаннан кейін «X» платформасында мәлімдеме жасады. Ол «Майдандағы жауынгерлеріміз Қытай, Тәжікстан, Өзбекстан, Пәкістан және Африка елдерінен келген жалдамалы әскерлердің соғысқа қатысып жатқанын хабарлады. Біз жауап қайтарамыз», - деп мәлімдеді.
Алайда Исламабад бұл айыптауларды Украина билігімен талқылайтынын және ресми түсініктеме талап ететінін баса айтты. Сондай-ақ Пәкістан БҰҰ Жарғысының принциптеріне сәйкес Украинадағы қақтығысты диалог пен дипломатия арқылы бейбіт жолмен шешуге болатынын атап өтті.