Оңтүстік Корея азаматтары сейсенбі күні елдің келесі президентін бес жылдық мерзімге сайлау үшін сандыққа жүгінеді. Бұл маңызды сайлау кезінде қарсылас кандидаттар шешуші сайлаушылардың қолдауын алуға тырысып жатыр.
Үгіт-насихат науқаны дүйсенбі күні аяқталады. Негізгі оппозициялық Копея Демократиялық партиясының президенттікке кандидаты Ли Чжэ-мён билік басындағы Халық күші партиясының кандидаты Ким Мун-суға қарағанда алда тұр.
Сайлау бюллетенінде барлығы алты кандидат бар.
Соңғы сауалнама нәтижелері бойынша, 61 жастағы адам құқықтары жөніндегі адвокат және саясат қайраткері Ли 49,2 пайызбен алда тұр, ал 73 жастағы бұрынғы Еңбек министрі Ким 36,8 пайызбен екінші орында. Консервативті Жаңа реформалар партиясының өкілі Ли Чжун-сок 10,3 пайызбен үшінші орында.
Президенттік сайлау бұрынғы президент Юн Сок Ёльдің өткен желтоқсанда әскери жағдай енгізуге тырысуына байланысты импичментке ұшырап, қызметінен алынуынан кейін басталды.
Шетелде тұратын оңтүстік кореялықтар өз дауыстарын беріп үлгерді, екі күндік ерте дауыс беру кезеңі өткен аптада өтті. Ұлттық сайлау комиссиясының мәліметінше, елдегі 52 миллион халықтың шамамен 44,4 миллионы дауыс беруге құқылы.
Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы 6-да басталып, кешкі 8-де аяқталады. Сайлау күні ресми түрде демалыс кдеп жарияланды.
Жеңімпаз сейсенбі кешінде немесе сәрсенбі таңында белгілі болады.