БРИКС елдерінің басшылары Бразилияда бас қосып, Израильдің Газаға қарсы соғысын, Иран мен Сирияға қарсы шабуылдарын және АҚШ президенті Дональд Трамптың тарифтерін айыптады.
Бастапқыда экономикасы қарқынды дамып келе жатқан елдерге арналған форум ретінде құрылған БРИКС біртіндеп Қытайдың көшбасшылығымен Батыс державасына қарсы күш ретінде қарастырыла бастады.
БРИКС саммитіне Ираннан бөлек, Тегеранмен тығыз байланыстағы Ресей мен Қытай сынды елдер де қатысуда.
Иран және Индонезия сияқты елдермен кеңейген ұйым Газа мәселесі мен институционалдық реформалар секілді тақырыптарда толық келісімге келе алмады. Бірақ кейбір маңызды салаларда ортақ келісімге қол жеткізгенін демалыс күндері жасалған мәлімдемелерден байқауға болады.
Газада атысты тоқтату үндеуі
Саммит қорытынды декларациясында 11 мүшеден тұратын блок Израильдің Газадағы 21 айға созылған соғысын жедел тоқтату үшін тараптарды келіссөзге келуге шақырды.
11 ел қол қойған қорытынды декларацияда
«Тараптарды атысты түбегейлі тоқтату үшін келіссөзді шұғыл жалғастыруға шақырамыз» делінген.
БРИКС елдері сондай-ақ Израиль күштерінің Газадан және басып алынған басқа да Палестина аумағынан толықтай шығуы қажет екенін атап өтті.
Ұйымның мәлімдемесі Дохада Израиль мен Хамас арасындағы Газа секторындағы атысты тоқтату келіссөздері қайта басталып, Израиль геноциді 21-ші айға аяқ басқан кезде жасалды.
Иран мен Сирияға жасалған шабуылдарды айыптау
Иран жеке мәлімдемесінде БРИКС елдерінің қолдауымен Израиль мен АҚШ-тың әскери, ядролық және басқа да нысандарға жасаған соңғы әуе шабуылдарын айыптады.
Декларацияда «2025 жылдың 13 маусымнан бері Иран Ислам Республикасына жасалған әскери шабуылдарды халықаралық құқық бұзушылық ретінде айыптаймыз» делінсе де, онда АҚШ немесе Израильдің аты нақты аталмады.
Сондай-ақ «Бейбіт ядролық нысандар мен азаматтық инфрақұрылымға жасалған шабуылдарға терең алаңдаушылық білдіреміз» делінген. БРИКС ұйымына мүше елдер Сириядағы лаңкестік зорлық-зомбылықты, Израильдің Сирия аумағын басып алуын айыптады және Дамаскке қарсы біржақты санкциялардың жойылуын құптады.
Сауда шиеленістері ұйым мүшелерін біріктіруде
Саммиттің тағы бір құжатында жаһандық сауда мәселесі талқыланды. БРИКС көшбасшылары АҚШ президентінің тарифтерді көтеру қаупіне қатысты үлкен алаңдаушылықтарын білдірді.
Көшбасшылар Трамптың соңғы қадамына сілтеме жасап, сауданы бұзатын және Дүниежүзілік Сауда Ұйымы ережелерімен үйлеспейтін біржақты тарифтер мен тарифтен тыс шаралардың артуын сынға алды. Мұндай саясат жаһандық жеткізу тізбегін бұзатынын және экономикалық белгісіздікті арттыратынын ескертті.
БРИКС ұйымына мүше елдер мұндай тарифтерді заңсыз деп сипаттап, «жаһандық сауданы одан әрі құлдыратып, жаһандық жеткізу тізбегін бұзады және халықаралық сауда әрекеттеріне белгісіздік әкеледі», - деді.
Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка және Иран сияқты жаңа мүшелерден тұратын БРИКС әлем халқының жартысына жуығын, әлемдік экономикалық өнімнің 40 пайызын құрайды. Ұйым мүшелерінің пікірі көптеген мәселеде екіге бөлінді. Бірақ АҚШ көшбасшысының тұрақсыз әрекеттері мен тарифі мәселесіне келгенде ортақ мәмілеге келді.