Ұйым 2024 жылы әлем бойынша қаза тапқан гуманитарлық көмек қызметкерлерінің жартысынан жуығы Газада қайтыс болғанын мәлімдеді. Израиль шабуылдарында 183 көмек қызметкері қаза тапқаны хабарланды.
БҰҰ жалпы алғанда 383 адамның өліміне әкелген бұл жағдайды «халықаралық немқұрайлылықтағы масқара» деп атап, биылғы көрсеткіштің де алаңдатарлық жағдайда екенін баса айтты.
2024 жылдың деректерін алдыңғы жылмен салыстырғанда өлім 31%-ға өскен. Суданда 60, ал басқа қақтығыс аймақтарында ондаған көмек қызметкері қаза тапқан.
БҰҰ бұл өлімнің басым бөлігі мемлекеттердің бақылауындағы тараптардан болғанын, сондай-ақ қаза тапқандардың көпшілігі жергілікті қызметкерлер екенін атап өтті. Олардың кейбірі қызмет барысында, ал біреулері үйлерінде нысанаға алынған.
Ұйымның есебіне сәйкес, қаза тапқандардан бөлек өткен жылы 308 көмек қызметкері жарақат алған, 125 адам жоғалып кеткен, 45 адам қамауға алынған. Бұл дерек Дүниежүзілік гуманитарлық көмек күнінде жарияланды.
«Халықаралық әрекетсіздіктегі масқара»
БҰҰ-ның гуманитарлық көмек жөніндегі жетекшісі Том Флетчер: «Гуманитарлық қызметкерге жасалған шабуыл – барлығымызға және қызмет көрсетіп отырған адамдарға жасалған шабуыл. Мұндай ауқымды шабуылдар мен мүлде жауапкершіліктің болмауы – халықаралық әрекетсіздіктегі масқара», - деді.
Гуманитарлық көмек қызметкерлерінің қауіпсіздігі дерекқорының мәліметіне қарағанда осы жылдың басынан бері 265 көмек қызметкері қаза тапқан.
БҰҰ гуманитарлық көмек қызметкерлеріне бағытталған шабуылдардың халықаралық құқық бұзушылық екенін және соғыс пен апат аймақтарындағы миллиондаған адам үшін өмірлік маңызы бар көмек арналарына нұқсан келтіретінін атап өтті. Флетчер: «Көмек қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылық тоқтатылуы тиіс», – деді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы биыл 16 өңірде медицина қызметкерлеріне қарсы 800-ден астам шабуыл тіркелгенін хабарлады. Бұл шабуылдарда 1 110-нан астам медицина қызметкері мен науқас қаза тауып, жүздеген адам жараланған.
Жыл сайын 19 тамызда аталып өтетін Дүниежүзілік гуманитарлық көмек күні 2003 жылы БҰҰ-ның Бағдаттағы орталығына жасалған, БҰҰ өкілі Сержиу Виейра де Меллумен бірге 22 адамның өмірін қиған бомбалы шабуылды еске алу үшін ұйымдастырылады.