Жексенбі түні Ауғанстанның шығысында болған 6,0 балдық жер сілкінісінде 250-ден астам адам қаза тауып, 500 адам жараланды. Бұл туралы Ауғанстанның Ақпарат министрлігі Анадолы агенттігіне хабарлады.
АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) жер сілкінісінің Гринвич уақытымен 19:17-де Жалалабад қаласының шығысынан 27 шақырым жерде, 8 шақырым тереңдікте болғанын мәлімдеді.
Министрлік өкілі Анадолы агенттігіне Кунар уәлаятының Нұргүл, Савки, Уатапур, Маноги және Чапа Дара аудандарында адам шығыны болғанын айтты.
Өкілдің айтуынша, қаза тапқандар мен жараланғандардың нақты саны әзірге белгісіз, себебі алыс аудандардағы халықпен байланыс орнату жалғасып жатыр және көмек топтары жолда.
Сондай-ақ ол Савки ауданындағы Дева Гүл мен Нұргүл ауданындағы Мазар Дараға апаратын жолдардың көшкін салдарынан жабылғанын, құтқару топтарының зардап шеккен аймақтарға жетуде қиындықтарға тап болып отырғанын мәлімдеді.
Жергілікті тұрғындар бұл жер сілкінісін елді шайқаған ең күшті зілзалалардың бірі деп бағалады.
Ауғанстан үкіметінің баспасөз хатшысы Забихулла Мүжахид жер сілкінісінен адам шығыны болғанын растады.
Мүжахид «X» платформасында: «Өкінішке қарай, түнде болған жер сілкінісі шығыстағы уәлаяттардың кейбірінде адам шығынына және материалдық залалға себеп болды», – деп жазды. Ол жергілікті билік пен халықтың құтқару жұмыстарына қатысып жатқанын, орталық пен көршілес аймақтардан көмек топтарының Кунар уәлаятына бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ хатшы: «Адам өмірін құтқару үшін барлық мүмкіндіктер қолданылады», – деді.
АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, ірі жер сілкінісінен кейін ауданда 5,2 балдық кемінде екі қосымша жер сілкінісі тіркелген.